Ұрлық жасағаны үшін сотталған ер адам жаза мерзімінің небәрі 12 күнін өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің мәліметінше, 38 жастағы азамат ұрлық жасағаны үшін сотталған. Ол пробациялық есепке алынғаннан соң 12 күн өткенде ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған амнистияға ілігіп, толық босатылды.
Оның 1 жыл 3 айға жуық өтелмеген жазасы сот шешімімен күшін жойды. Сот отырысында ер адам бірден босатылды.
– Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Бұдан былай осындай қателікке жол бермеуге тырысамын. Қазір тұрақты жұмысым бар. Өмірді жаңадан бастауға дайынмын. Амнистия мен үшін күтпеген сыйлық болды, – деді жазасын өтеуші.
Марқакөл ауданының пробация қызметінің аға инспекторы, әділет капитаны Аяулым Мұратбекқызы аталған азаматқа көрсетілген қолдау туралы айтып берді.
– Пробациялық бақылауға алынған адамдарға тек қадағалау жүргізіп қана қоймай, олардың қоғамға қайта бейімделуіне көмек көрсету – біздің басты міндетіміз. Біз бұл азаматты бірден жергілікті шаруа қожалығына жұмысқа орналастырып, тұрақты табыс табуына жағдай жасадық, – деді инспектор.
Пікірлер