Дін саласында мемлекеттік қызметтердің 4 түрі көрсетіледі. Бұл туралы ШҚО Дін істері басқармасының басшысы Жанат Мекеева Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бірінші қызмет – тұлғаларды тіркеу және қайта тіркеу. Бұл Қазақстан азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ тұлғаларға діни ілімді таратуға байланысты рәсімдерді қамтиды. Биыл облыста 3 шетел азаматы тіркелген.
Екінші қызмет – діни басылымдар мен өзге де ақпараттық материалдарды тарату үшін арнайы орындарды келісу.
Үшінші қызмет – ғибадат үйлерін салу және олардың орнын айқындау. Ғибадатхана салу үшін арнайы рұқсат алынып, өтініштер 22 күн ішінде қаралады.
Биыл осы қызмет түрі бойынша 5 өтініш мақұлданып, Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылында, Глубокое ауданының Белоусовка және Бобровка ауылдарында, Зайсан ауданының Біржан және Қарабұлақ ауылдарында мешіттер салуға рұқсат берілді.
Төртінші қызмет – ғимараттардың функционалдық мақсатын өзгерту. Осы жылы бұл бағытта 2 өтініш қаралып, Өскемендегі рәсім залы мен тұрғын емес нысанды шіркеуге қайта бейіндеуге рұқсат берілген.
Жанат Мекееваның айтуынша, барлық мемлекеттік қызмет бекітілген ережеге сәйкес уақытында көрсетілген. Қызмет алушылардан шағым түспеген. Басқармада қызмет көрсету сапасы тұрақты бақылауда тұр.
Пікірлер