Облыс орталығының тұрғыны Вячеслав Орлов өз отбасымен Катонқарағай және Марқакөл аудандарындағы табиғи нысандарда тастарға салынған жазуларды өшірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Отбасы өз бастамасымен 70-тен астам вандалдық жазуды өшіріп, аймақтың туристік имиджін жақсартуға үлес қосты.
– Тастардағы жазулар шетелдік туристердің жиі қойылатын сұрағына айналды. Адамдар неге осылай істейді деп ұялатын болдық. Ақыры, қолымызға құрал алып, бәрін тазалауға шешім қабылдадық, – деді Вячеслав Орлов.
Оның айтуынша, жазуларды өшіру әдістерін отбасымен интернеттен үйреніп, арнайы құралдарды сатып алған. Олар Бурхат асуында және Марқакөл маңындағы Австрия жолының бойында орналасқан жартастарды тазартқан.
– Әлемді өзгерткіміз келсе, алдымен өзімізден бастауымыз керек деп шештік. Біздің күшіміз аз, бірақ нәтижесі жақсы, – дейді гид.
Вячеслав Орловтың айтуынша, мұндай іс-шаралар табиғатқа деген құрметті арттырып, өңірдің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.
Пікірлер