A+ A A-

admin 0 8-09-2025, 15:05 0

Президент Жолдауы: Жасанды интеллект және цифрлық даму – басты басымдық

Бүгін / ШҚО

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауы Парламент палаталарының бірлескен отырысында жарияланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Президент өз сөзінде Қазақстанның Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқанын атап өтіп, қазіргі таңда елдің «интеллект дәуіріне» қадам басқанын атап өтті. Мемлекет басшысы тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды және ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды.
– Алдағы үш жыл ішінде Қазақстан толыққанды цифрлық елге айналуы тиіс. Бүгінде жасанды интеллект барлық салаға еніп, жаңа мүмкіндіктер ашып жатыр. Осыған байланысты жоғары оқу орындарында 100 мыңнан астам студент арнайы курстан өтті. Бұдан бөлек, мектеп оқушыларына да бағдарлама әзірленді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жолдауда мемлекет басшысы «Alatau City» Қазақстанның алғашқы цифрлық қаласы болатынын атап өтті. Жаңа қалаға ерекше мәртебе беріліп, оған Қытай тарапынан миллиардтаған инвестиция тартылмақ.
Сонымен қатар Президент туризмді дамытуға басымдық берді. Оның айтуынша, Зайсан және Катонқарағай аудандарында әуежайлар салынып жатыр. Бұл қадам ішкі туризмнің дамуына серпін береді.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың ректоры Мұхтар Төлеген Жолдауда көтерілген су тапшылығы мәселесіне тоқталып, оның өзектілігін ерекше атап өтті.
– Сусыз өмір жоқ. Президентіміздің бұл мәселені көтеруі дер кезінде жасалған қадам, – деді Мұхтар Әділбекұлы.
Ал туризм саласының маманы Сымбат Рамазанов кадр даярлау ісін жандандыру қажеттігін айтты.
– Бүгінде туризм саласында маман тапшылығы байқалады. Сондықтан облыстағы жоғары оқу орындары мен колледждер осы бағыттағы кадр даярлауды жіті бақылауға алуы тиіс, – дейді ол.
Жалпы биылғы Жолдауда жасанды интеллект пен цифрлық даму мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ ішкі туризмді ілгерілету Қазақстан экономикасының маңызды бағыты ретінде айқындалды.

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив