ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. Биыл күзде өңірден 800-ге жуық жас сарбаз әскер қатарына шақырылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ҚР Президентінің 2025 жылғы 13 ақпандағы Жарлығына сәйкес, мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары қыркүйек–желтоқсан айларында жүргізіледі.
Айта кету керек, әскерге шақыру жүйесі цифрландырылып жатыр.
- Енді шақырылушылар жеке шақырту қағазымен қатар 1414 арқылы SMS-хабарлама алады. Кейінге қалдыру немесе босатылу қызметтерін Egov.kz порталы арқылы рәсімдей алады. Әскери қызмет мәртебесі туралы мәліметтерді ешбір құжатсыз онлайн ала алады, - деді ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары басқармасының бастығы, подполковник Жәнібек Сапаров.
Әскери шақыру науқанының алғашқы кезеңінде Шекара қызметіне әскери командалары жасақталады. Одан кейін жергілікті әскери басқару органдары жоспарға сәйкес Қарулы Күштер, Мемлекеттік күзет қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі үшін әскери командаларды жасақтайды. Шақыру науқаны Ұлттық ұланға әскери командаларын жасақтаумен аяқталады.
– Әскер – тек міндет қана емес, елдің болашағына жауапкершілікпен қараудың белгісі. Сондықтан біз бұл қызметті абырой атқарып беруіміз керек, - деді әскерге шақырылушы Әли Мамырбеков.
Әскери қызмет – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың дәстүрі мен мерейін асқақтату. Жастарды Отан қорғауға даярлау – мемлекеттің де, қоғамның да басты міндеті.
Пікірлер