A+ A A-

talgatzhan 32 9-09-2025, 12:30 0

«Келешек мектептерінің» кереметі неде? – маман жауап берді

Бүгін / ШҚО

Өскеменде өткен брифинг барысында облыстық Білім басқармасының жетекші маманы Әлия Сеитқұмарова аймақта қолданысқа берілген жеті мектепте қандай мүмкіндіктер қарастырылғанын айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өткен жылы Өскемен, Шемонаиха және Риддер қалаларында, сондай-ақ Глубокое ауданының Белоусовка кентінде барлығы 2100 орындық 5 мектеп пайдалануға берілді.
– Ал биыл тағы екі білім ордасы – Өскемендегі Есенберлин даңғылында және Глубокое ауданына қарасты Опытное поле ауылында бой көтеріп, 900 оқушыны қабылдауға мүмкіндік алды, – деді Әлия Сеитқұмарова.
Аталған білім беру нысандары толықтай инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Жаңа мектептердің басты ерекшелігі – бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған бөлек блоктардың қарастырылуы. Бұл шешім оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.
– Жаңадан ашылған мектептер заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Әрбір мектепте STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, сондай-ақ физика, химия және биология пәндеріне арналған жаңа үлгідегі оқу кабинеттері бар. Барлық сынып цифрлық технологиялармен, интерактивті панельдермен жабдықталған. Оқушылар үшін жайлы орта қалыптастыру мақсатында коворкинг-аймақтар, демалыс және еркін жұмыс істеу кеңістіктері ұйымдастырылған. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған кедергісіз орта да жасалған. Пандустар, лифтілер, арнайы санитарлық тораптар, тактильді бағыттаушылар мен инклюзивті сыныптар қарастырылған, – деді Әлия Сеитқұмарова.
Қазіргі таңда бұл мектептерде 3788 оқушы білім алып жатыр. Оларға 275 білікті педагог дәріс береді.
Брифинг барысында ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерназ Мұқатаев та өңірдегі мектеп құрылыстары туралы ақпарат берді.
– 2024 жылдың қорытындысы бойынша біздің басқарма Өскемендегі Нұрлы жол шағын ауданында 600 орындық және Зайсан қаласында 300 орындық екі мектептің құрылысын аяқтады. Ал 2025 жылдың басында Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық жаңа мектеп оқушыларға есігін ашты, – деді ол.
Бұдан бөлек, Ерназ Мұқатаевтың айтуынша, жаңа білім ошақтары тек мемлекеттік бюджет есебінен ғана емес, жеке инвестициялар арқылы да бой көтеруде.
– Мәселен, Риддер қаласында «Қазмырыш» ЖШС-нің инвестициясы есебінен 600 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта нысанның дайындығы шамамен 20 пайызды құрайды. Бұл мектепті 2026 жылдың шілде айында қолданысқа беру жоспарланып отыр, – деді ол.
Жалпы, аталған жобалар облыста білім беру инфрақұрылымын нығайтып, сапалы әрі қауіпсіз оқу ортамен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив