Өңірде республикалық «Учаске» жедел алдын алу шарасы жалғасуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тәртіп сақшылары 40 мыңнан астам тұрғын үй секторын аралап, 38 жалдамалы пәтерді анықтап, 1 000-нан астам азаматтық қару иесін тексерді. 17 адамның қаруды сақтау және тіркеу ережелерін бұзғаны анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бір тіркелмеген қару айналымнан алынды.
- Іс-шараның басты бағыты – профилактикалық есепте тұрғандармен жұмыс. Шамамен 3 500 есептегі тұлға тексерілді. Олардың арасында бұрын сотталғандар, алкогольді шамадан тыс пайдаланатындар және тұрмыстық жанжалға бейім азаматтар бар. Мұндай тексерулер белгіленген шектеулердің сақталуын бақылауға және ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ШҚО ПД ЖПҚБ бастығының уақытша міндетін атқарушы Орал Рыспаев.
Бұдан бөлек, рейд нәтижесінде 50 жасөспірім ұсталды. Үш бала ойын-сауық орындарында ересектерсіз жүрген, сегізі алкогольді ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда масаң күйде болған.
Жедел алдын алу шарасы барысында 1 200-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Пікірлер