Мамандықтар жылы аясында аймақта техникалық және жұмысшы мамандықтарына басымдық беріліп, бірқатар колледжде жаңа бағыттар ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Атап айтқанда, облыс бойынша 5 колледжде «Төтенше жағдайларды қорғау», «Логистика», «Авиация» сияқты сұранысқа ие мамандықтар енгізіліп, аталған бағыттарға 290 студент қабылданды. Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбекқызының айтуынша, бүгінде өңірде 16 мыңға жуық студент мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алуда.
– Жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі ұлғайып келеді. Сонымен қатар дуальды оқыту жүйесі белсенді енгізіліп, бүгінде 5 000-нан астам студент 448 кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтіп, кәсіби шеберліктерін шыңдауда. Бұл жұмыстар 203 әлеуметтік серіктеспен тығыз байланыста жүргізілуде. Жаңа мамандықтардың ашылуына орай, облыстық бюджеттен 384 миллион теңге материалдық-техникалық базаны жаңартуға, ал 178 миллион теңге ғимараттарды жөндеуге бағытталған, – деді Алима Ақылбекқызы.
Пікірлер