Өңірде маңызы бар нысандарды алдағы жылыту маусымына жоспарлы түрде дайындау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Электр станцияларында 18 қазандық агрегатын, 12 турбоагрегатты және 33 гидроагрегатты жөндеу жоспарланған. Бүгінде 11 қазандық агрегатында, 11 турбоагрегатта және 25 гидроагрегатта тиісті жұмыстар орындалды.
Ал Риддер жылу орталығының жалпы дайындығы 93%-ды құрайды. №3 (74%) және №6 (70%) агрегаттардан күрделі жөндеуден өтуде.
«БЭСК» АҚ-да 524,7 шақырым электр жеткізу желісі (97%), 37 қосалқы станция (94%), 54 трансформаторлық қосалқы станция (98%) қалпына келтірілді.
Гидроэлектр станцияларында жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде, төрт станцияның жалпы дайындығы – 78%.
Орталықтандырылған жылумен жабдықтау қазандықтарында 13 қазандық агрегаты жөнделуде. «Шығыс Жылу» АҚ-ның №2 қазандығында жұмыстар толық аяқталды, дайындық деңгейі - 100%.
Алтай қаласындағы қазандықтың дайындығы 87%, Глубокое кентіндегі «Теплоэнергия» КМК қазандығының дайындығы 80%, Жаңа Бұқтырма кентіндегі қазандықтың дайындығы 70%-ды құрайды.
Қашықтан бақылау қорытындысы бойынша анықталған ескертулер «Шығыс Жылу» АҚ-ға жолданып, компания оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын 28 қыркүйекке дейін ұсынбақ.
Осы ретте қала және аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді. Мәселен, 20 қыркүйекке дейін жылу көздерінде нормативтік деңгейде көмір қорын қамтамасыз ету, 1 қарашаға дейін дебиторлық және кредиторлық берешектерді жою және өңірлік операторлардың көмір жеткізу жұмысын бақылауға алу, 15 қыркүйекке дейін тұрғын үй-коммуналдық нысандардың дайындық актілерін ұсыну, ал 20 қыркүйекке дейін Катонқарағай ауданының қазандықтарын «Шығыс Жылу» АҚ-ның балансына беру керек.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екенін атап өтті.
Пікірлер