
Бүгін облыс орталығына жұмыс сапары барысында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев сауда нысандарын аралап, оларды жаңғыртудағы оң динамиканы атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Комитет төрағасының орынбасары жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, бірнеше маңызды мәселеге тоқталып өтті.
– Шығыс Қазақстанға келуіміздің басты себебі – сауда базарларының сапасын, жағдайын тексеру және халыққа сол жайлы ақпарат жеткізу. Қазір мемлекеттік қолдау аясында ішкі сауда саласында шамамен 7 млрд теңгені құрайтын 21 жоба жүзеге асырылуда. Базарларды жаңғыртудың Жол картасы аясында биыл Өскемендегі «Заря», «Заречный» және «Орталық» атты үш базарды жаңарту аяқталады. Оның ішінде «Заря» мен «Заречный» базарлары Сауда және интеграция министрлігінен мемлекеттік қолдау алды, – деді Ернұр Жәутікбаев.
Оның айтуынша, ең бастысы – бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан сауда субъектілерін кіргізу және бос орындар болған жағдайда келемін деуші кәсіпкерлерге жағдай жасау. - - Базарларды жаңғыртудың мәні – халыққа ыңғайлы орта қалыптастыру. Қыста саудагерлердің ғимарат ішінде тоңбайтындай жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалуы керек. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі және өзге де мемлекеттік талаптар қатаң ескерілуі қажет, – дейді Сауда комитеті төрағасының орынбасары.
Ресми мәліметке сүйенсек, 2024 жылдан бастап сауда саласына мемлекеттік қолдау қарастырылған. Қазіргі күні шамамен 3 млрд теңге көлемінде субсидия бөлініп, толық екі айдың ішінде игерілген. 57,5 млрд теңге инвестиция тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Қазіргі таңда 21 кәсіпкер арнайы бөлінген мемлекеттік қаржыны игерді.
«Орталық» базар да қаражат алу үшін құжаттарын дайындап жатыр. Сонымен қатар 1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Заречный» базары да ауқымды жаңғыртудан өтуде. Оның аумағында 5 жабық ғимарат пен бірнеше сауда қатары бар. Өткен жылдан бері стационарлық сауда нысанының құрылысы жүргізіліп, осы айда аяқтау жоспарланған. Қазір инженерлік желілер тартылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.
– «Заречный» базарында 3000 шаршы метрлік сауда павильоны салынып жатыр. Қазір жұмыстың 80-90 пайызы аяқталды. Ол алдағы 1-2 айда толық бітеді. Бұл жоба бір жыл бұрын басталған. Мұнда шамамен 70 кәсіпкер орналастырылады. Әрине аумақтың шектеулі болуына байланысты барлығын сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта тағы осындай биік ғимарат салу жоспарда бар. Қазіргі таңда инженерлер жылу мен кәріз жүйесін іске қосуға дайындық жүргізуде, – деді «Заречный» базарының директоры Тимур Талғатұлы.
Базардағы саудагерлер де болып жатқан өзгерістерге оң көзқарас танытуда.
– Киім саудасымен айналысып жатқаныма 15 жыл болды. Мұндағы жағдай бізге өте қолайлы. Базарда барлығы жасалған. Ашылып жатқан павильоннан өзіме орын алдым. Бұл - мен үшін қуанатындай жағдай. Бұған дейін қыста далада тұрып, суықта киім сататынбыз. Енді жағдай жақсарып жатыр. Әрине сауда бұрынғыдай қарқынды емес, бірақ оған да қанағат, – деді саудагер Батырбек Үтепов.
Облыс орталығындағы «Заря» базары да заманауи талаптарға сай жаңғыртылып жатыр.
– Қала ортасындағы дүкендермен салыстырғанда мұндағы баға едәуір төмен. Қазір жаңадан салынып жатқан ғимарат та талапқа сай. Жылу беріліп, кафель төселіп, терезелер орнатылады. Ұзындығы – 40 метр, ені – 14 метр, жалпы 560 шаршы метрді құрайды. Мұнда орта есеппен 25-30 кәсіпкер орналаса алады, – деді «Заря» базарының иесі Баян Жұмадинова.
Сала мамандары атап өткендей, сауда нысандары өрт қауіпсіздігі, санитарлық талаптар және салықтық ашықтық жағынан заңға сай болуы қажет.
Айта кетейік, ҚР Сауда және интеграция министрлігі 2029 жылға қарай сауданың заманауи форматтарының үлесін 70%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер