Бүгін елдегі ең маңызды мерекелердің бірі – Отбасы күніне арналған «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шара барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйлеп, отбасы құндылықтарының қоғамдағы маңызына тоқталды.
– Отбасы – әрбір азаматтың тірегі, қоғамның іргетасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тағылымның әр адамның өзінен бастау алуы керектігін атап өтті. Жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру үшін отбасының орны ерекше. Биыл іріктеу кезеңіне 154 отбасы қатысып, оның 13-і финалға өтті. Барлығы да махаббат, адалдық, сыйластық пен өзара түсіністікті үлгі ете білді, – деді аймақ басшысы.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған отбасылар арнайы дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Соның ішінде Ұлан ауданынан келген Сембаевтар жанұясы екінші орынға ие болды.
– Биыо отау құрғанымызға 9 жыл болды. Қазір үш баланың ата-анасымыз. Біздің басты құндылығымыз – махаббат пен тәрбие. Жұмыс пен отбасын қатар алып жүруге тырысамыз. Бұл жеңіс – біз үшін үлкен қуаныш. «Отан – отбасынан басталады» дегендей, әр отбасы аман-есен болсын, – деді олар.
Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» байқауы отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, қоғамдағы бірлік пен татулықты арттыруға бағытталған.
Пікірлер