A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 10:00 0

Өскемен мен Зайсанда «Қара алтын» фильмінің түсірілімі өтті

Бүгін / ШҚО / Руханият

Жуықта отандық режиссер Мұрат Есжан бастаған «MurAi production» түсірілім тобы Шығыс Қазақстанға табан тіреп, «Қара алтын» атты жаңа туындының түсірілімін өткізді. Мұрат Есжан – «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ» телехикаяларының режиссер-сценарисі. Оның еңбектерінде ұлт тарихы мен мәдениетіне деген құрмет айқын сезіледі. 2023 жылдың қыркүйегінде «Міржақып. Оян, қазақ» толықметражды фильмі прокатқа шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген еді. Бұл жолғы жаңа туынды да халыққа жақын әрі маңызды тақырыптарды қамтымақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Фильм не туралы?

«Қара алтын» – ауылдан шыққан қарапайым жігіттің табандылығы мен өзіне деген сенімінің арқасында үлкен жетістікке жету тарихы.

– Биыл еліміздің мұнай өнеркәсібіне 126 жыл толып отыр. Бір ғасырдан астам уақыт бойы бұл сала Қазақстан экономикасының дамуында маңызды рөл атқарып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласындағы шағын және орта бизнесті қолдауға назар аудару керектігін баса айтты. Осы бастама аясында біздің ұжым «Қара алтын» фильмін дайындап жатыр, – делінген «MurAi production» ресми ақпаратында.

Фильмде 1990 жылдардағы елдің тыныс-тіршілігі суреттеліп, арман жолында кездескен қиындықтарға қарамастан, кейіпкердің ел руханиятына үлес қосуы мен жаңа белестерге көтерілуі бейнеленеді.

– Менің сценарийім нақты оқиғаларға негізделген. Құрылысшы мамандығы бойынша білім алған жас жігіт ел тәуелсіздігінің қалыптасуы кезінде күмәнді мұнай кеніші туралы біледі. Ол түрлі сынақтан өтіп, инвесторлар табуға тырысады. Фильмнің түпкі мағынасы сол, егер адам өз ісін жақсы көрсе, жұмысың тек өзі үшін емес, Отанының игілігі үшін адал және риясыз атқарса, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады,– дейді туындының режиссері Мұрат Есжан.

Түсірілімнің алғашқы күндері Алматыда өтті. Кейін шығармашылық ұжым Зайсан мен Өскеменге келді. Режиссерлер мен операторлар, әкімшілер мен суретшілер жеңіл және жүк көліктерімен, қалған 26 адам пойызбен, одан кейін автобуспен Зайсанға жетті.

Зайсан маңындағы локациялар 3-4 ай бұрын дайындалды. Кино үшін жазық далада мұнайшылардың жұмыс орнын жасап шығу керек болды. Сөйтіп, жоспар құрылып, барлығы 3 күннің ішінде дайын болды. Алдымен шөп басқан жазық дала тазаланып, құм бетіне вагондар, мұнай ошақтары, жұмысшылардың жатын орны қойылды. Кейін қажетті техникалар келді.

Кадрдан тыс 100 шақты адам жұмыс істеп, кино таңғы алтыдан түнгі бірге дейін үзіліссіз түсірілді. Аудан әкімдігі мен жергілікті халық тарапынан барынша көмек берілген екен. Зайсандықтар арнайы дастархан жайып, қонақжайлық көрсетті.

 

Танымал актерлер тамсанып қайтты

Облыс орталығындағы түсірілімдер 9-13 қыркүйек аралығында Металлургтер мәдениет сарайының алдында, Стахановская, Белинский көшелері мен Шәкәрім даңғылында өтті. Шығармашылық ұжымның сөзінше, шаһарда тарихи локациялар өте көп, сондықтан фильмге ерекше көрік береді.

– Алматыдағы тарихи көшелер қазір заманауиланып кеткен. Онда билбордтар, жарнамалық тақталар көп. Кеңес уақытындағы көліктер сирек кездеседі. Түсірілім орнын таңдау да қиындық туғызады. Ал Өскемен – өте жайлы, жылы қала. Мұнда трамвайлар да әлі жүріп жатыр. Өскеменде көп болмаймыз, сондықтан әр сағатты барынша пайдалануға тырысамыз. Осы ретте қала әкімдігі, тәртіп сақшылары, өрт сөндіру қызметі қолдан келгенше көмектесті. Тіпті қала тұрғындары да ретро стильдегі көліктерді табуға көмектесті. Барлығына алғысымыз шексіз! – дейді Мұрат Есжан.

Айта кетейік, мотивациялық драма жанрындағы туындыға бірқатар танымал актер түсіп жатыр.

Мәселен, басты рөлді белгілі театр және кино актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев сомдайды. Ол бұған дейін «Қасым», «Келін», «Жат», «Сіз кімсіз, Ка мырза?» сынды фильмдерде төбе көрсетті.

Ал басты кейіпкердің досы – Бекзаттың рөлін танымал актер Әділ Ахметов ойнайды. Ол «Астана – махаббатым менің», «Парыз», «Анаға апарар жол» көркем туындылары арқылы көрермен көзайымына айналған.

– «Қара алтындағы» бас кейіпкердің серігін сомдаймын. Жалпы «Қара алтын» қызықты жоба. Ал Өскемен – керемет және мейірімге толы шаһар. Осында келгеніме қуаныштымын! – деді Әділ Ахметов.

Туындының продюсері Айсәуле Әбілданың сөзінше, басты кейіпкерлерден бөлек, фильмдегі қосалқы рөлдерді өскемендіктер сомдады. Олар алдын ала жарияланған кастингтен өтіп, белсенділік танытты. Өтініш санының артқаны сонша, барлығына жауап беру мүмкін емес болды.

– Өскеменге түсіріліммен алғаш рет келіп отырмыз. Қала өте шағын, таза, жинақы екен. Арасында ауа-райы құбылып, жаңбыр мен бұршақ жауды. Соның салдарынан екі сахна түсірілмей, қалып кетті. Бірақ қалғаны жоспар бойынша өтті. Қосалқы рөлдерге қажет актерлерді Өскеменнен іздейік деп шештік. Жергілікті халық белсенді екен. Хабарландыру берген соң бірден жазып, хабарласып жатты. Осындай азаматтарды көріп қуандым. Жалпы «Қара алтынды» мотивациялық кино деуге болады, – деді Айсәуле Әбілда. 

Айта кетейік, «Қара алтын» – толыққанды коммерциялық жоба. Енді түсірілім тобы Астанаға бет алды, кейін Алматыға қайтады. Ал фильм келесі жылдың көктемінде шығады деп жоспарланып отыр.

***

Естеріңізге сала кетейік, Өскеменде бұған дейін де бірнеше отандық фильм түсірілген еді. 2022 жылдың 29 қыркүйегінде аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі туралы көркем драма прокатқа шықты. Ефрат Шәріповтің сценарийі бо­йынша «Aray Media Group» студиясы түсірген фильм­нің ре­жиссері – Өскеменнің тумасы Айдын Саха­ман. Көркем туындының бір бөлігі Алматы қаласы мен Алматы облысында, екінші бөлігі Өскеменде түсірілді.

Бұдан бөлек, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Мұқағали» картина­сы да Өскеменде таспаланды. 2019 жылдың жазында облыс орталығында түсірілім жұмыстары өтті. Фильм трейлерінде Шәкәрім даңғылы, 177 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің ауласын байқауға болады. Сол кезде трамвай қозғалысы уақытша жабылып, вагондар түсірілімге қолданылды. Киноның басты постері де өскемендік трамвайда таспаланған. Бұл фильм прокатқа 2021 жылдың 21 қазанында шық­ан еді.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив