Бүгін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов халықаралық EuroSkills Herning 2025 чемпионатында «Кәсіби шеберлігі үшін» медальонын иеленген Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Артём Мочинскиймен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Артём – Өскемен жоғары политехникалық колледжінің 4 курс студенті, «WorldSkills Shygys 2024» өңірлік чемпионатының жеңімпазы және «WorldSkills Kazakhstan 2024» ұлттық чемпионатының күміс жүлдегері.
Қазақстан құрамасы сапында ол Данияда «Мехатроника» құзыреті бойынша табысты өнер көрсетіп, жоғары халықаралық бағаға ие болды.
- Шығысқазақстандық жастардың халықаралық аренадағы жетістіктері – кәсіби дайындық пен ұстаздардың қолдауының нәтижесі. Артёмның жеңісі – тек колледждің ғана емес, бүкіл облыстың мақтанышы, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Артём Мочинский мұндай беделді халықаралық чемпионатта табысқа жету оңай болмағанын айтты. Әсіресе жаңа контроллерлерді бұрын таныс болмаған жабдыққа қосуға тура келген үшінші күн ең қиын сынақ болғанын жасырмады.
- Бұл жарыстардан кейін күрделі жағдайларда әрекет ету және шешім қабылдау жылдамдығым артты. Колледжді аяқтаған соң жергілікті университетке оқуға түсу жоспарда бар, – дейді ол.
Кездесу соңында облыс әкімі Артём Мочинскийге Алғыс хат пен сыйлық табыстап, алдағы сайыстарда жаңа жетістіктерге жетуіне тілектестік білдірді.
Пікірлер