ШҚО Жер қатынастары басқармасының әкімдік отырысында ұсынған ресми ақпаратына сүйенсек, Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты 2024 жылдан бастап ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға арналған жер учаскелері халыққа берілмейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған басқарма басшысы Надежда Михейлистің сөзінше, тұрғындар оны Жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларға сәйкес пайдалана алады. Ал жоспардың болмауы малды бейберекет және заңсыз жаюға әкеп соғады.
- Тарбағатай, Самар аудандарының және Риддер қаласының әкімдеріне мәслихат сессиясында Жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларды әзірлеу үшін қаржы бөлу тапсырылған еді. Алайда, қаражат тек Риддерде бөлінді. Тарбағатай мен Самар аудандарының әкімдері тапсырманы орындамады, - деді Надежда Михейлис.
Осы ретте облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жоспарды әзірлемеген аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, жер мәселесіне назар аудару қажеттігін атап өтті.
- Қала және аудан әкімдері бекітілген жоспарға сәйкес пайдаланылмай жатқан жерлерді жыл соңына дейін қайтаруды қамтамасыз етіп, мемлекеттік меншікке қайтарылған жерлерді келесі жылдың 1 шілдесіне дейін ауыл шаруашылығы айналымына енгізуді қамтамасыз етуі тиіс, - деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, облыста қайтарылған жерлерден (423,6 мың гектар) ауыл шаруашылығы айналымына 70,6 мың гектар жер (17%) берілді. Оның 40,4 мың гектары халық мұқтажын қанағаттандыру үшін, 30,2 мың гектары агроқұрылымдарға конкурстық негізде бөлінді.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер