Бүгін аймақ әкімдігінің кезекті отырысында ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстауға дайындық барысы туралы мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар тасжолдарды, елдімекендер көшелерін күтіп-ұстау үшін 957 техника бар.
- Республикалық маңызы бар жолдарға «ҚАЖсервис» ШҚОФ ЖШС қызмет көрсетеді. Оның балансында 103 қар тазалайтын техника бар. Қажет болса, қосымша 11 арнайы техника тарту үшін конкурс жарияланған. Аудандық маңызы бар жолдар мен көшелер үшін 735 қар тазалайтын техника дайын тұр. Ал облыстық маңызы бар жолдарға 119 қар тазалайтын техникасымен «ОблШығысЖол» ЖШС қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, жедел әрекет ету жасағы құрылған, - деді Нұрбек Тұраров.
Аймақтағы тасжолдарда төтенше жағдайлар туындаса, 185 қосымша мобилизациялық техника тартылады.
- 6 Жол өндірістік басқармасында қажетті қар тазалайтын техникалар бар. Атап айтқанда, Өскеменде - 21, Үлкен Нарында - 16 бірлік, Ақжарда - 11, Самарда - 22, Күршімде - 20, Марқакөлде 7 техника дайын тұр. Облыс орталығындағы қосалқы өндірісте 36 бірлік техника бар, - дейді басқармасы басшысының орынбасары.
Бұдан бөлек, Тарғын, Егіндібұлақ ауылдарында, Марқакөл ауданы мен Шемонаиха қаласында 4 жол пайдалану пункті, Өмеш асуында, Тарғын, Егіндібұлақ, Ұрынқай ауылдарында 4 жылыту пункті жұмыс істемек. «ОблШығысЖол» ЖШС 140 мың литр жанар-жағармай қорын дайындады.
- Облыстық маңызы бар тасжолдарды қысқа дайындауды 15 қазанға дейін аяқтау жоспарлануда. Атап айтқанда, 50 тонна техникалық тұз бен 800 тонна көмір сатып алынып, 130 дана уақытша жол белгісі дайындалып, 2500 бағдаршам бағанасы орнатылады. 1666 жасанды құрылыс пен 96 көпір тазаланады. Қазір «Өскемен-Тарғын-Самар», «Теректі-Ұрынқай-Төсқайын», «Күршім-Қалжыр» тасжолдарын жасақтау аяқталуда, - деді Нұрбек Тұраров.
Пікірлер