A+ A A-

talgatzhan 47 20-09-2025, 21:50 0

ШҚО-да Қызылорда облысының өнер күндері өтті

Бүгін / Басты / ШҚО / Руханият

Бүгін Шығыс Қазақстанға Қызылорда облысының делегациясы келді. Өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған меймандарды ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қарсы алды. Делегация мүшелері ең әуелі Өскемендегі Халифа Алтай атындағы мешітке кіріп, оның сәулеттік құрылымымен, ішкі жұмысымен, діни ағартушылық қызметімен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Одан кейін меймандар Жеңіл атлетика манежіне барды. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың аты берілген спорттық нысан 2014 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Онда жеңіл атлетиканың түрлі бағытында жаттығатын өлке спортшылары жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Қызылорда облысынының делегациясы Жекпе-жек кешенін де көріп, Шығыс Қазақстандағы спорттық нысандардың жағдайына жоғары бағасын берді.

 Содан соң қонақтар өз өнімдерін тек өңір емес, республика бойынша саудалайтын "Шығыс сүт" ЖШС-ға бас сұқты.

Бүгінде олар 80 түрлі өнім шығарады. Делегация мүшелері корпорацияның тарихымен, жабдықтарымен танысып, жұмыс барысын бақылады. Сондай-ақ өнімдердің дәмін татып көрді. Нұрлыбек Нәлібаев айранның дәмі тіл үйіретінін айтып, компания жұмысына сәттілік тіледі. Құрамына бифидум қосылған бұл айран ғарышкерлердің ас мәзіріндегі сусындардың бірі.

 Одан соң облыстық филармония залында Қызылорда өңірі өнерпаздарының гала концерті басталды.

— Тарихы мен табиғаты тоғысқан, еңбекқор халқы мен қонақжай дәстүрімен ерекшеленетін қасиетті Төр Алтай - Шығыс жерінде сән-салтанаты жарасқан керемет кеш өтті. Жыр мен термеге тұнған өңір, Алаштың анасы атанған киелі мекеннің өнерпаздары шығысқазақстандықтарға ерекше көңіл-күй сыйлап, тамаша концерт ұсынды. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Шұғылалы Шығыс пен арайлы Ақмешіттің арасындағы достық мен ынтымақтастық арта берсін, - деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Айта кету керек, өңірлер арасындағы байланысты күшейте түсетін осындай делегациялар сапары кезінде Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Игі дәстүр бұдан кейін де үзілмей, жалғасын таба бермек.

— Еліміздің ұлттық руханияты мен мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің ордасы – Шығыстың киелі өлкесі Өскеменде өздеріңізбен жүздескенімізге қуаныштымыз!Қорқыттың күй сарынынан бастау алған сырбойылық жыршы-жыраулар, сахна дүлдүлдері, дарабоз ақындар өз өнерлерін паш етті. Қызылорда облысының өнер күндерін Өскеменде өткізуге қолдау білдірген әріптесім, облыс әкімі Нұрымбет Аманұлына барша Сыр жұртшылығының және өзімнің атымнан зор ризашылығымды, білдіремін! - деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Концерттен кейін әкімдер облыстық филармония залындағы "Сыр өңірі - Түркі өркениетінің алтын бесігі" атты көрмені тамашалады. Көрмеден соң делегация мүшелері ШҚО әкімдігі ғимаратының алдында тұрған ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ескерткішіне барып, тағзым етті.

Делегация сапары «Алтай» көтерме-тарату орталығында түйінделді. Жуықта ғана ашылған облыстағы ең ірі сауда орталығы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және бағаның тұрақталуына мүмкіндік жасап отыр.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив