A+ A A-

talgatzhan 2 22-09-2025, 12:40 0

ШҚО-да Қазақстан-Германия апталығы басталды

Бүгін / ШҚО

Бүгін Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да Қазақ-Неміс ғылым және технологиялар институтын дамыту консорциумын құруға арналған жиын өтті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина қатысты.
–  Біз Шығыс Қазақстанға келген Германия өкілдерін, әріптестерімізді қуана қарсы аламыз. Қазақ-Неміс ғылым және технологиялар институтын дамыту консорциумын құру біздің ынтымақтастығымыздың маңыздылығын және ортақ нәтижелерімізді айқын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында алдағы үш жылда Қазақстан стратегиялық маңызды материалдарды қайта өңдеу саласында кемінде үш ірі жобаны іске қосуы тиіс екенін атап өтті. Бұл жолдау облыс үшін ерекше мәнге ие. Консорциум құру инженерлік және технологиялық инновацияларды, тұрақты даму мен өнеркәсіптік автоматтандыру саласын дамытуға жол ашады. Университет үздік тәжірибелерді қабылдап, бірлескен зерттеулер арқылы халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік алады. Бүгінгі қадам ғылым, өнеркәсіп және білім беру салаларының дамуына тың серпін беріп, Қазақстан мен Германия ынтымақтастығын нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те консорциум құрудың маңыздылығын атап өтті.
– Қазақ-Неміс ғылым және технологиялар институтын дамыту консорциумын құру туралы келісімге қол қою рәсімімен құттықтаймын. Институттың құрылуы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің саяси қолдауының арқасында мүмкін болды. Былтыр олардың ықпалымен бірлескен ғылыми және білім беру ошағының берік іргетасы қаланды. Бүгін жаңа мүмкіндіктер мен перспективаларға жол ашылып отыр. Консорциум институт дамуының жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді. Оның басты мақсаты – жаһандық деңгейде еңбек етіп, экономикаға тың серпін беретін жаңа ғалымдар мен зерттеушілерді даярлау, – дейді министр.
Айта кетейік, 2024 жылы Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында Қазақ-Неміс ғылым және технологиялар институты құрылған еді. Бұл бастама қос мемлекет басшыларының қолдауымен жүзеге асып, стратегиялық әріптестікті нығайтуға ықпал етті.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив