ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратынша, облыста жалпы құны 88 млрд теңгені құрайтын 21 жоба жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мал шаруашылығы бойынша биылға жоспарланған жеті индикатордың үшеуі орындалып, тағы төртеуі жүргізілуде. Биыл ірі қара мал басының саны жоспардан асып түсіп, 422 600-ге жетті. Ұсақ мал басының саны 651 300-ге артты.
— Бұл ретте асыл тұқымды ұсақ мал басының саны 59 900-ге жетті. Ал асыл тұқымды ірі қара мал бойынша сәл артта қалу байқалады. 46,8 мың асыл тұқымды бастың орнына 42,1 мың бас тіркелді. Ұқсас жағдай аналық мал басын тұқымдық жаңғыртуда да байқалады. Мақсат 45% болса, нақты көрсеткіш небәрі 15,2%-ға жетті. Ең төменгі көрсеткіш Катонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын аудандары мен Өскеменде тіркелді. Ал Тарбағатай мен Ұланда оң нәтижелер байқалады, - дейді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаннат Көшерова.
Аудан әкімдерінің сөзінше, субсидиялау ережелерінің өзгеруі шаруашылықтарға қолайсыздық туғызып, қаржыландырудың жеткіліксіздігі саланың дамуын тежеп отыр.
– Ет, сүт өндірісін, қайта өңдеу саласын субсидиялауға басымдық беру маңызды. Қай салаға қандай мақсатпен қаражат бөлініп жатқаны түсініксіз. Сондықтан субсидиялау бойынша арнайы комиссия құру қажет, – деді аймақ басшысы.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер