1 қазандағы жағдай бойынша ерікті қоныс аудару шеңберінде жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 5 213 адам, оның ішінде 1 725 қандас және 3 488 қоныс аударушы көшіп келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Осы жылдың соңына дейін 9 653 адамды көшіру жоспарлануда.
Өңірлер бойынша: Павлодар облысына – 1 886 адам, СҚО – 1 516 адам, Қостанай облысына – 575 адам, ШҚО – 490 адам, Абай облысына – 305 адам, Ақмола облысына – 257 адам, Атырау облысына – 103 адам, Ұлытау облысына - 43 адам, Қарағанды облысына – 38 адам қоныс аударды.
Қоныстану аймақтарына көшкен қандастарымыз негізінен Өзбекстаннан – 612 адам, ҚХР – 563 адам, Моңғолиядан – 377 адам, Ресейден – 84 адам, Түркменстаннан - 49 адам және басқа елдерден – 49 адам келген.
Еңбекке қабілетті жастағы 2 307 адам келгендердің ішінен тұрақты жұмыс орындарына 1 041 адам жұмысқа орналастырылды, 38 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады.
Қоныс аударушылар мен кандастар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнеркәсіп және т.б. салалар бойынша жұмысқа орналасты.
Ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:
отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия;
отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;
қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.
Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.
Пікірлер