A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 15:30 0

Астанада ШҚО мен Қарағандының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Бүгін / Республика / ШҚО

Елордада өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері маусымын Қарағанды және Шығыс Қазақстан облысының тауар өндірушілері жалғастырды. Өткен демалыс күндері олар астаналықтарға өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Жәрмеңке «Қазанат» ипподромы аумағында өтті. Екі өңірдің аграрийлері елордаға ет, балық, сүт және бакалея өнімдерін, жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидек, сондай-ақ бал жеткізді. Барлығы 700 тоннадан астам тауар фермерлерден тікелей жеткізілді.

- Жәрмеңкенің мақсаты – елорданың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Барлық фермер өнімдерін «алқаптан дастарханға дейін» қағидаты бойынша сатады, сол себепті баға қолжетімді болып отыр. Әр өңір өз өндірушілерін іріктеп, ең үздік тауарларын ұсынады, – деді Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев.

Саудамен қатар, іс-шара ұлттық нақышта безендіріліп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

- Әр өңір өз өнімдерімен танымал. Концерттік қойылымдар мен жеткізілген тауарлар арқылы қатысушылар өңірлердің дәстүрі мен мәдени ерекшеліктерін паш етті, – деп қосты ол.

Жәрмеңкеге қатысушылардың қатарында дәстүрлі сусындар мен фермерлік өнім өндірушілер болды.

- Біз қымыз өндіреміз, ол – ұлттық құндылығы зор сусын. Мұндай жәрмеңкелер бизнесті дамытуға, бәсекелестікті арттыруға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Біздің қымызымыз Астанада және Дубайда өткен ЭКСПО көрмелерінде де ұсынылған. Бұл жерге де қатысқаныма қуанып отырмын: халық көп, көңіл күй керемет, – деді Qazaq House брендінің өкілі Арсен Жәнібек.

Келушілер жәрмеңкедеарзан әрі сапалы өнімдер бар екенін және отбасымен бірге жақсы уақыт өткізуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

- Демалыс күні жәрмеңкеге бардым, өкінген жоқпын. Мұнда нағыз қазақы рух сезіледі: музыка, безендіру, адамдардың көңіл-күйі ерекше. Ең бастысы – бағалары жақсы әрі Қазақстанның түкпір-түкпірінен әкелінген өнімдерді көруге болады. Бұл өте қызық болды, – деді елорда тұрғыны Мәди.

Биыл жәрмеңкелер әр демалыс сайын «Қазанат» ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тас жолы, 1 мекенжайында) өткізіліп келеді.

Айта кетейік, өткен аптада Астанадағы жәрмеңкеге БҚО мен Қостанай 500 тоннаға жуық өнім әкелген болатын.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив