Бүгін Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Головатюк ғасырлық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Михаил Яковлевич 1927 жылғы 15 қазанда Иркутск облысының Кутулин ауылында дүниеге келген. 1943 жылы 16 жасында еңбек армиясына шақырылып, Иркутск пен Байкал арасындағы темір жол құрылысында жұмыс істеді. Ал 1944 жылдың қарашасында әскер қатарына алынып, майданға аттанды.
Соғыс жылдары Михаил Яковлевич 579-шы атқыштар полкінің құрамында жапон әскеріне қарсы шайқастарға қатысып, автоматшы болып қызмет атқарды. Ерлігі мен батырлығы үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, Ленин орденімен және «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды.
1951 жылы наурыз айында әскерден босатылып, Омбы облысындағы ата-анасына оралады. Біраз уақыт жүргізуші болып еңбек етеді. 1952 жылы Өскемен қаласына көшіп келіп, Қорғасын-мырыш комбинатына жұмысқа орналасады. Алдымен балқыту цехында балқытушы болып, кейін рафинация цехында еңбектенді. Комбинатта 35 жыл бойы табанды еңбек етіп, кейін зейнетке шыққан.
ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері ардагерді мерейтойымен құттықтап қайтты.
- Михаил Яковлевичтің өмір жолы — ерлік пен төзімділіктің, адал еңбектің үлгісі. Оның өмірбаяны — ел тарихының ажырамас бөлігі, еңбегі мен Отанға деген сүйіспеншілігімен өрілген даңқты ғұмыр, - деді Өскемен қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасы тәрбие және идеологиялық жұмыстар тобының бастығы майор Сырым Ақтаев .
Сонымен қатар әскери қызметшілер ардагерге естелік сыйлықтар мен ҚР Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың атынан құттықтау хатын табыстады.
Пікірлер