
Өнертапқыш педагог: Глубокое ауданында мұғалім қоқыс сұрыптау кешенін ойлап тапты
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» демекші, қоғамда мұғалім рөлі қашан да жоғары бағаланады. Заман талабына сай білім мен өнегелі тәрбие беріп жүрген жандар туралы бұған дейін де аз жазбадық. Киелі мамандық иелерінің кәсіби мерекесіне орай Глубокое ауданындағы Оралхан Бөкей атындағы қазақ орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Дәулетбек Ағызаммен сұхбаттастық. Ол оқушыларға білім беріп қана қоймай, ғылымда да тың жаңалық ашуда. Өнертапқыш педагогтің күн мен жел энергиясы арқылы жұмыс істейтін қоқыс сұрыптау кешенінің жобасы Түркиядағы халықаралық «STEM» фестивалінде таныстырылып, шетелдіктер тарапынан лайықты бағасын алған еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Не себепті ұстаздық жолды таңдадыңыз?
- Бұл мамандықты таңдауыма тікелей себепкер - ата-анам. Әкем физика, математика пәнінің, ал анам бастауыш сынып мұғалімі еді. Олардың қарапайым мамандық иесі бола тұра, қарапайым емес істерді атқарғаны маған үлгі болды. Жоғары оқу орнына тапсырарда біраз ойландым. Шыны керек, мұғалімдікке қатты қызықтым деп айта алмаймын. Бірақ ата-анамның еңбегін көріп өскен соң осы жолды таңдадым. Әкем үнемі «Мұғалім - қай елде де мұғалім. Екі ел арасында соғыс болса да, мұғалімге ешкім қиянат жасамайды. Оның дәрежесі бәрінен жоғары, ол - барлық мамандықтың төресі» дейтін. Жұмысқа тұрған соң қателеспегенімді түсініп, қызметіме деген қызығушылығым артты.
- Алғашқы еңбек жолыңыз қай жерде басталды? Қаңдай қиындықтар мен қызықты оқиғалар болды?
- Қызметтік мансабымды Глубокое ауданындағы Оралхан Бөкей атындағы қазақ орта мектебінде бастадым. 12 жылдан бері осы білім ордасында еңбек етіп, он екінші рет Ұстаздар күнін қарсы алып отырмын. Мен жұмысқа кірген жылы мектеп аттестациядан өтіп жатқан еді. Сондықтан жан-жақты дайындалып, құжаттармен күндіз-түні жұмыс істейтінбіз. Қатты шаршағанымыз да есімде. Айта берсек, жұмыстың қызығы мен шыжығы жетерлік. Бірақ осы уақытқа дейін ұстаздық жолды таңдағаныма еш өкінген емеспін.
- Оқушыларды информатика пәніне, IT саласына қалай баулуға болады?
- Информатика - өте терең әрі ауқымды пән. Күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп отыратын ақпараттық қоғамда оның маңызы зор. Бұл пән барлық саламен тығыз байланысты. Қазір заман талабы да қатаң. Өзгерістерге тез бейімделе алатын, бәсекеге қабілетті оқушыларды дайындау үшін IT технологиялардың рөлі ерекше. Барлық ақпаратпен ендігі кезекте IT мамандары айналысатын болады. Информатиканың да зерттеу нысаны - ақпарат. Оқушылардың осы пәнге деген қызығушылығын ояту үшін теориядан гөрі практика керек. Осы тұста заманауи «STEM» білім беру әдісін айта кетуге болады. «STEM» - ғылым, технология, инженерия және математиканың біріккен саласы. Оның мақсаты - алған білімін өмірде қолдануға мүмкіндік жасау. Сонда баланың оқуға деген ынтасы артады. Бұл әдіс арқылы оқушы өз бетінше шешім қабылдауды, ойын ашық айтуды, командада жұмыс істеуді үйренеді. Белгілі бір мәселені шешудің жолын өз еркімен табуға тырысады. Тек оқулықтағы дайын материалмен шектелмейді. Бүгінде барлығы жасанды интеллектпен байланысты ғой. Тіпті, келешекте көптеген мамандық түрі жойылып, жасанды интеллект соның міндетін атқаратын болады. Оған тәуелді болмас үшін тың идеяларды, жаңа жобаларды жүзеге асыру керек. «STEM-нің» артықшылығы да осында.
- Шәкірттеріңіз робототехникамен айналысып, түрлі роботтарды да құрастырады екен. Осы туралы айтып берсеңіз.
- Робототехниканы жоғарыда айтылған «STEM» әдісінің бір бағыты ретінде қарастыруға болады. Мектебімізде 2019 жылы робототехника кабинеті ашылды. Мұнда балалар робот құрастырып қана қоймай, 3D модельдеу, бағдарламалаумен айналысады. Жақында «Арман Инжиниринг» компаниясының септігімен тағы бір оқу кабинеті жұмысын бастады.
- Осы уақытқа дейін оқушыларыңыздың жеткен жетістіктері бар ма?
- Иә, әрине. Оқушылар робототехника бойынша 2019 жылдан бері аудан көлемінде өткізілетін жеке, топтық жарыстардың жүлделі орындарын иеленіп келеді. Облыстық байқаулардан да бірінші, екінші орынды қанжығаларына байлады. Таяуда «Ұлы өнертабысқа алғашқы қадам» облыстық байқауында 6 сынып оқушысы Нұртілеу Ағызам жеңімпаз атанды. Қазір республикалық кезеңге дайындалу үстінде. Жалпы, шәкірттерім жақсы нәтиже көрсетіп келе жатыр. Сонымен қатар мектеп оқушылары үшінші жыл қатарынан IT мамандығын таңдап, жоғары оқу орнына түсуде. Олардың көбі Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ мен Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да білім алуда.
- Өзіңіз ойлап тапқан қоқыс сұрыптау кешені туралы айтып берсеңіз? Бұл идея қалай келді?
- Университетті аяқтаған соң бар уақытымды отбасы мен жұмысқа арнадым. Бірақ ары қарай да оқуды жалғастыру ойда болды. 2021 жылы С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың магистратурасына тапсырдым. Былтыр информатика пәні бойынша педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін қорғап, үздік диплом алдым. Сол уақыт аралығында жүргізген ғылыми жұмысым мектеп оқушыларына робототехника пәнін оқытудың әдістемесін әзірлеуге арналды. Соның аясында EV3 бағдарламасы арқылы қоқыс сұрыптау кешенін дайындадым. Ол қоқысты төрт түсті контейнерге бөліп сұрыптайды. Жағымсыз иіс болмау үшін тамақ қалдықтары тасталатын контейнерлер желдету жүйесімен бірге шығарылады. Кешен күн, жел, жаңбыр энергиясының көмегімен жұмыс істейді. Яғни, қуат көзіне тәуелді емес.
- Аталған кешенді көпшілікке ұсыну мақсатында Түркияда өткен фестивальге қатысқан екенсіз. Ол жақта жобаға қатысты қаңдай пікірлер айтылды? Болашақта бұл жобаны жүзеге асыру жоспарда бар ма?
- Иә, 2022 жылы Түркияның Стамбул қаласында өткен «STEM» фестиваліне қатыстым. Жобаны қорғап, бірінші орын алдық. Шетелдіктердің қоқыс сұрыптау мәселесіне деген қызығушылығы жоғары болды. Әртүрлі сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын да айтты. Жалпы, қоқыс тақырыбы әлемдік мәселеге айналғандықтан, оны сұрыптау да өзекті сұрақтардың бірі. Тастаған қоқысты қайта өңдеп қолданатын болсақ, тиімді жақтары көп болар еді. Жобаны ары қарай дамыту үшін бірнеше рет грантқа өтініш беріп көрдім, әзірге нәтиже жоқ. Ендігі кезекте шағын бизнес жобаларының байқауына ұсынып көрмекшімін. Егер жоба қолдау тапса, оны бүкіл Қазақстанға енгізіп, өңір орталықтары «smart» қалаға айналар еді.
- Сөз соңында әріптестеріңізге айтар жылы лебізіңіз болса…
- Барша ұстаздар қауымын төл мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын! Осы орайда ойыма мына өлең жолдары келіп отыр:
Күз келіп, жапырақты сарғайтқанымен,
Астық пісіп, өнімімізді ұлғайтты.
Бордың ағы шашымызды ағартқанымен,
Шәкіртіміздің бар білімін нығайтты.
Құрметті әріптестер, мерейлеріңіз артып, абыройларыңыз асқақтай берсін. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Әр күндеріңіз қуаныш пен шаттыққа толы болсын!
- Сұхбатыңызға рахмет!
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер