A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 09:50 0

Сыйластық пен сүйіспеншілікты ту еткен Сембаевтар жанұясы «Мерейлі отбасы» байқауында жүлдегер атанды

Бүгін / Ұлан / Сұхбат

Өңірдегі үлгілі отбасылардың бірі Ұлан ауданында тұрып жатыр. Спортта да, білімде де әралуан бәсеке-бәйгеде басқалардан бұрын болған бұл отбасы шынымен де көпке өнеге. Отағасы Алмас Сембаев – бала күнінен салауатты өмір салтын ұстанған сергек азамат, бүгінде жедел әрекет ету жасағы қатарында қызметін абыроймен атқарып жүр. Оның жары Малика Мүкәрәм – тарих пәні мұғалімі, шәкірт тәрбиесіне үлес қосып жүрген ұстаз. Айтар әңгімесі қызық, ой қорытуы өзгеше. Жуықта Қасым Қайсенов кентіне барып, «Мерейлі отбасы» байқауында жүлдегер атанған Сембаевтар әулетінің келіні Маликамен сұхбаттасқан болатынбыз. Ол жанұяның басты құндылығы – сүйіспеншілік пен сыйластық екенің тағы да бір мәрте еске салды,деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Қай жылы отбасын құрдыңыздар?

– Біз 2016 жылы шаңырақ көтердік. Жолдасым – Ұлан ауданының тумасы. Бозанбай ауылында туып-өсіп, кейін Қасым Қайсенов кентіндегі Райымжан Марсеков атындағы орта мектепті аяқтаған. Сол кезден бастап спортқа жақын болды. Қазақша күрес, дзюдо, самбоға қатысып, аудандық, облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері атанды. Қазақша күрес пен дзюдодан спорт шебері. 2010 жылы Қазақ күресінен Қазақстан чемпионатында қола жүлде алса, 2011 жылы Азия чемпионатында да үшінші орынға ие болды.

 

– Жолдасыңыздың спорттағы жетістігі ғана емес, қызметі де ерекше екен. Қазір қай салада еңбек етеді?

– Ол 2007–2008 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеді. Алғаш еңбек жолын өрт сөндіруші болып бастады. Қазір Ішкі істер департаментінде, нақтырақ айтқанда жедел әрекет ету жасағында (СОБР) адал қызмет атқарып жүр. Жұмысы өте ауыр, бірақ қанша шаршап келсе де, ешқашан «шаршадым» деп жатып алмайды. Керісінше, бізге көңіл бөліп, балаларға уақыт бөледі. 2022 жылы самбодан Ішкі істер департаментінің қызметкерлері арасындағы чемпионатта екінші орын алса, 2023 жылы қазақша күрестен қызметкерлер арасындағы чемпионатта үшінші орын иеленді. Осы еңбегімен әрі спорттағы табыстарымен біз үшін мақтан тұтар тұлға.


– Үй тіршілігінде жолдасыңыздың орны қандай? Әдетте ерлер мен әйелдердің жұмысы бөлек деп жатады ғой…

– Иә, қазір көпшілігі «әйелдің жұмысы бөлек, ер адамның жұмысы бөлек» деп ойлайды. Бірақ менің жолдасым маған әрдайым көмектесіп жүреді. Үйге келсе, шаршадым демей, балаларға қарасып, қолғабыс тигізеді. Үйде мейірімділік, сүйіспеншілік пен сыйластық бірінші орында. Өзінің бойында адамгершілік, жауапкершілік, тәртіп бар. Айтқан сөзінде тұрады, мақсатына жетпей қоймайды. Осы қасиеттері үшін де мен оны шын жүректен мақтан тұтамын.

– Балаларыңыз жайлы да айтып өтсеңіз...

– Алла бізге үш перзент сыйлады. Үлкеніміз – қызымыз, 3-сынып оқушысы. Ол сабақтан бөлек вокал үйірмесіне қатысады. Ортаншы қызымыз – 1-сыныпта оқиды. Мәнерлеп оқу сайыстарына қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Кенжеміз – ұлымыз. Ұлым әкесіне ұқсап спортшы болса деп тілеймін. Қыздарымның да спортпен шұғылданғанын қалаймын. Қазір олар спорт үйірмесіне барады. Балаларымыз әкелерінің жарыстардағы суреттерін көріп, өздері де соларға ұқсағысы келетінін айтып отырады.


– Өзіңіз қай салада қызмет атқарасыз?

– Мен тарих пәнінің мұғалімімін. 9 жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеп келемін. Балаларға тек білім ғана емес, үлкенді құрметтеу, дәстүрді дәріптеу сияқты құндылықтарды да үйретуге тырысамын. Отбасында қандай тәрбие алсақ, соны шәкіртке де жеткіземіз ғой. Біз үшін ең бастысы – махаббат пен тәрбие. Балаларымыз үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу керек екенін біліп өсіп келеді. Өзім сондай отбасында өстім, ата-анамнан көргенімді жалғастырып отырмын. Енемді де ерекше атап өткім келеді. Біз бөлек тұрсақ та, ол кісі әрқашан жанымызда. Балаларға қарап, көмектесіп жүреді. Мені қызындай көрсе, мен оны анамдай сыйлаймын. Бұл – келін мен ененің ара-қатынасына үлгі боларлық жағдай деп ойлаймын. Салт-дәстүрді берік ұстанамыз. Сәбидің туғанынан бастап, әрбір рәсімді атқаруға тырысамыз. Қонақ шақырып, бір дастарханнан дәм тату – туыстық байланысты нығайтады. «Қонақпен бірге ырыс келеді» дегенді біз үнемі есте ұстаймыз.


– Жақында «Мерейлі отбасы» байқауына қатысыпсыздар. Сол туралы толығырақ айтып өтсеңіз...

– Иә, бұл сайысқа аудан әкімдігі мен мектебіміздің әкімшілігі ұсынды. Себебі бізді белсенді отбасы ретінде таниды. Жолдасым – елге белгілі спортшы, ал мен – ұстазбын. Балаларымыз да әртүрлі үйірмелер мен сайыстарға қатысады. Осы еңбегімізді көріп, бізді сайысқа өтінім жолданды. Дайындық кезінде балаларға бәрін түсіндіріп, жауапкершілікпен қарауға үйреттім. Олар кішкентай болса да, қызығып, бізбен бірге дайындалды. Сайыс барысында түрлі кезеңдер болды, соның ішінде отбасындағы қызықты оқиғалар туралы сұрақ қойылды. Сонда бір қызық есімізге түсті: балаларымыз бізге «Әке, сіз анаммен танысқанда кім бірінші сезімін білдірді?» деп сұрапты. Әкелері «Әрине, анаң бірінші ғашық болды» деп әзілдеп жауап берген екен. Кейін балалар менен сұрағанда, мен де «Әкелерің бірінші сезімін білдірді» дедім. Сонда олар: «Сонда сендер әлі күнге дейін бір-бірлеріңді қатты жақсы көресіздер ғой!» – деп мәз болды. Осы сәттің өзі біздің махаббатымыздың балаларға да сезілетінін көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша біз екінші орын алып, 300 мың теңге жүлде иелендік. Бұл біз үшін үлкен қуаныш болды.


– Жаңа отау құрып жатқан жас жұбайларға қандай кеңес берер едіңіз?

– «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді ғой. Сол рас. Отбасы берік болуы үшін ең бастысы – шыдамдылық пен төзім. Екі жақ та бір-бірін түсініп, қолдау көрсетіп отыруы керек. Махаббат пен сыйластық болса, қандай қиындық болса да жеңуге болады.

 

***

 

Әр отбасының өз тарихы, өз жолы бар. Бірі – өнерімен, бірі – білім-білігімен елге танылса, енді бірі – еңбегімен, адалдығымен үлгі болады. Ал Ұлан ауданындағы бұл шаңырақ – үш саланы қатар ұстаған, яғни спортта да, білімде де, отбасылық өмірде де мықтылығын дәлелдеген әулет. Бұл отбасына қарасаң, мейірімнің де, сыйластықтың да, тәртіп пен тәрбиенің де үйлесімін көресің. Әке мен ана арасындағы өзара құрмет пен махаббатты балалары да сезіп өсуде. Сондықтан болар, олардың әр қадамы шынайы қуанышқа, әрбір жетістігі ортақ мақтанышқа айналады. «Мерейлі отбасы» байқауында жүлделі орын алып, көпшілікке үлгі болулары – тегіннен тегін емес. Себебі берекесі жарасқан шаңырақ қана елге өнеге бола алады. Бұл әулеттің өмірлік ұстанымы – «отбасы – бірінші орында». Ал отбасы берік елдің іргесі де берік. Осынау шағын ғана шаңырақтан тұтас бір елге жететін өнеге бар. Балалардың күлкісіне шаттанып, махаббат пен сыйластықты ту еткен мұндай отбасылар көбейсе, қоғамымыздың да еңсесі тіктелер еді.


Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Фотосуреттер Сембаевтар отбасының жеке мұрағатынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив