
Тарбағатай ауданына қарасты Сарыөлең ауылында жаңа мектеп құрылысы аяқталуға таяды. Жақында редакция тілшісі сол елдімекенге арнайы барып, құрылыс барысымен танысып, мердігер компания өкілдері мен ауыл тұрғындарының пікірін білді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қанша қаржы бөлінді?
Сарыөлең шағын ауыл. Аудан орталығынан 53 шақырым қашықтықта орналасқан. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін соңғы жылдары бірқатар әлеуметтік нысандардың бой көтеруі – үлкен қуаныш. Бұған дейін ауылдағы медициналық пункт толықтай жөндеуден өтіп, өткен жылы үйлерге орталықтандырылған су жүйесі тартылды. Көшелерге жарық шамдары орнатылып, ауыл ажары кірді. Ал биыл көктемде елдімекен өміріндегі тағы бір маңызды жаңалық – жаңа мектептің құрылысы басталды.
Көктемде мектептің алғашқы қазығын аудан әкімі Дархан Жөргекбаевтың өзі қағып, қауырт жұмыс басталғанын ресми түрде хабарлаған болатын. Ресми ақпаратқа сәйкес, 50 оқушыға арналған жаңа білім ордасының құрылысына 550 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Аудан әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаевтың айтуынша, жаңа мектеп пайдалануға берілгеннен кейін мұнда 12 мұғалім мен 9 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылады. Ғимарат бір қабатты.
– Бұрынғы мектеп саман кірпіш пен ағаштан тұрғызылған бейімделген ғимаратта орналасқан болатын. Онда спорт зал, асхана мен акт зал болмаған. Ал жаңа мектепте барлық жағдай қарастырылған – асхана, спорт және акт залдары, шағын орталық, пән кабинеттері мен кітапхана болады, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мектеп құрылысының барысын ауыл жұрты күн сайын бақылап отырады. Сарыөлең ауылдық округінің тұрғындары жаңа ғимараттың ауыл өміріне серпін беріп, жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туғызарына сенімді.
Мектептегі мүмкіндіктер
Бүгінде білім ордасының құрылысын “NNTR GROUP” ЖШС жүргізіп жатыр. Компания басшысы Мерей Амирғазиннің айтуынша, жоспар бойынша жұмысты 2026 жылдың сәуір айына дейін аяқтау көзделген.
– Қазір нысанда ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл ғимарат мектеп пен балабақша кешені ретінде жобаланғандықтан, мұнда мектепке дейінгі балаларға да жағдай жасалуда. Бүлдіршіндерге арналған ойын алаңдары мен арнайы санитарлық орындар қарастырылған, – деді Мерей Болатбекұлы.
Осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы мына сөз ойға оралады. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың негізгі алғышарты. Әрбір оқушының жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс, – деген еді Президент.
Міне, осы бағыттағы жұмыстар Тарбағатай ауданында да жүйелі түрде атқарылуда. Тек өткен жылдың өзінде ауданға қарасты екі ауылда жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Бүгінде тұғырлы мекенде білім беру нысандарының сапасын арттыру, заманауи оқу ордасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар қарқын алған. Ал Сарыөлеңдегі жаңа мектептің ашылуы, сол жүйелі істердің жарқын бір көрінісі болмақ.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

{calendar}
Пікірлер