A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 09:30 0

ШҚО әкімі Ұлан ауданына жұмыс сапарымен барды

Бүгін / Ұлан

20 қазан күні өңір Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Ұлан ауданына барды. Аймақ басшысы бірқатар әлеуметтік, білім беру және спорттық нысанды аралап, тұрғындармен кездесті. Сапар барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты мен өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Рахман ұсынған ұтымды жоба

Сапар аясында облыс әкімі ең алдымен Саратовка ауылындағы Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжіне барды. Колледждің оқу корпустары мен жатақхана жағдайымен танысқан өңір басшысы білім беру сапасына ерекше назар аударды.

Колледж студенттері өздерінің тәжірибелік жобаларын таныстырып, жаңа технологиялар бағытында әзірлеген идеяларымен бөлісті. Атап айтқанда, бірінші курс студенті Рахман Тамаз авиациялық бағыттағы Telegram чат-бот жобасын таныстырды. Бұл жоба оқу үдерісін автоматтандыру мен ақпарат алмасуды жеңілдетуге бағытталған.

– Бұл бот арқылы кез келген ұшақ түрін, маркасын өзіңіз таңдай аласыз. Тіпті сол маркасы, жалпы ұшақ жайлы толығымен сізге мағлұмат береді, – дейді Рахман Тамаз.

Колледжде қазіргі уақытта 424 студент білім алуда, оның ішінде 296-сы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Білім ордасы ауыл шаруашылығы, техникалық және ІТ бағыттары бойынша 9 мамандықта кадр даярлайды. 1945 жылы негізі қаланған оқу орны өңірге қажетті мамандарды дайындауда маңызды рөл атқарады. 1973 жылы салынған жатақханада бүгінде 192 студент тұрып жатыр.

 

Спорт кешені ашылды

Ұлан ауданына қарасты Таврия ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Антикорды Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қоспай тұрғанда жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мұны «сақалды құрылыстар» қатарына жатқызған еді. Ертелі-кеш мәселе шешілген екен. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Жаңа кешенде жаттығу және ойын залдары, киім ауыстыру бөлмелері мен заманауи спорттық жабдықтар орнатылған. Аймақ басшысы бұл нысан ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салауатты ұлт қалыптастыруды елдің негізгі міндеттерінің бірі ретінде атап өтті. Бұл мақсатқа жету үшін ауыл-аймақта спортпен айналысуға қолжетімді жағдай жасалуы тиіс. Алдағы уақытта осындай кешендер Бозанбай мен Катонқарағай ауылдарында да салынады, – деді облыс әкімі.

Аудан әкіміне берілген тапсырма

Сапар барысында Нұрымбет Сақтағанов Ұлан ауданы халқының алдында баяндама жасап, тұрғындар сұрағына жауап берді. Кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлар таныстырылды.

Әкімнің айтуынша, Ұлан ауданы географиялық тұрғыдан туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ. Қазіргі уақытта ауданда туристерге арналған 22 демалыс орны бар. Дегенмен, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында туристер саны 13%-ға төмендеп, 3 мың адамды ғана құраған.

Туризм саласын дамыту аясында бірқатар инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтқанда: «Багратион» шипажайы 80 млн теңгеге кеңейтілді (40 төсек-орын), Шыбындыкөлде «Қаймақ Резорт» демалыс базасы (250 млн теңге); «БНВХ» ЖШС-нің балық шаруашылығы зауыты салынып жатыр.

Сонымен қатар, Өскемен–Алматы тасжолы бойында санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылған. 2026 жылы «Өскемен–Самар» тас жолы бойында жол бойындағы дәмханасы бар санитарлық-гигиеналық кешен салу жоспарланған.

Туристік әлеуеті жоғары Дұбығалы көліне апаратын жол мәселесі де көтерілді. Қазіргі уақытта Гагарино ауылы арқылы өтетін жолдың жоқтығы туризмді тежеп отырғаны анық. Бұл бағыттағы жол аудандық маңызы бар жолдар тізіміне енгізілді.

– Ауылдарда инфрақұрылымды дамыту – тұрғындардың өмір сапасын арттырумен қатар, инвестициялық тартымдылықты да күшейтеді, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, облыс басшысы Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновқа 2026 жылдың 1 маусымына дейін Сібе көлдеріндегі, Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы, Шыбындыкөлдегі, Дұбығалыдағы және жағажайлардың инфрақұрылымы мен жабдықталуын талапқа сай келтіруді, санитарлық-гигиеналық тораптар қанша қажет болса соншасын орнатуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазанда іске қослыған қазандық

Таврия ауылында заманауи жылу қазандығы іске қосылып, алғашқы нысандар орталық жылуға қосылды. Құрылыс республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып, 150/65°C температуралық режимінде жұмыс істейтін үш су жылыту қазандығымен жабдықталған.

Биылғы жылыту маусымында мектеп, балабақша, аурухана және әкімдік ғимараты жылумен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта Мәдениет үйі, спорт кешені, мешіт және көпқабатты тұрғын үйлер де жүйеге қосылмақ.

– Бұл – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Тұрақты жылу беру мен пайдалану шығындарын азайту – негізгі артықшылықтардың бірі, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

 

Привольноеда өзгерістер бар ма?

Привольное ауылында бірнеше маңызды нысан жөндеуден өтіп жатыр. Спорт кешені күрделі жөндеуден өтуде. 2008 жылы салынған нысанға былтыр 35 млн теңгеге шатыр орнатылса, биыл 65 млн теңге бөлініп, ішкі жұмыстар жүргізілуде. Мұнда армрестлинг, керлинг, шайбалы хоккей секілді спорт түрлерінен 132 спортшы жаттығады, олардың қатарында халықаралық жарыстарда чемпион атанғандар да бар.

Сонымен қатар, 2015 жылдан бері жұмыс істеп тұрған дәрігерлік амбулатория да толықтай жаңартылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 110,7 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Ғимараттың ішкі және сыртқы бөлмелері, инженерлік желілері жаңартылып, заманауи медициналық құралдар орнатылды. Нысан 1,2 мың тұрғынға қызмет көрсетеді.

– Әрбір шығысқазақстандық, қай ауылда тұрса да, сапалы медициналық қызметке қол жеткізуі тиіс. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады, – деді облыс әкімі медицина қызметкерлерімен кездесу барысында.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив