ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті ШҚО бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Өскемен Водоканал» ШЖҚ МКК-ның нысандары бойынша баспасөз-туры өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазіргі таңда «Өскемен Водоканал» ШЖҚ МКК қызмет көрсетуінде барлығы 10 су жинау нысаны бар. Өндірілген су қаланың тарату желілеріне беріледі. Кәсіпорын балансында 1076,6 км сумен жабдықтау мен 548,7 км су бұру желілері жұмыс істеп тұр.
Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының міндетін атқарушы Жұмагүл Жомартқызының айтуынша, бүгінгі таңда объектілерді реконструкциялауға, жаңғыртуға және жаңартуға бағытталған инвестициялық бағдарлама аясында кәсіпорынның екі нысанында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
- Аталған инвестициялық бағдарлама 2022 жылы бекітілді. Жоба шеңберінде жабдықтау және су бұру желілері жөнделмек. Бұл тозу деңгейін төмендетіп, тұтынушыларға арналған коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға үлес қосады, - дейді ол.
Абай даңғылындағы “Төменгі Согра” су қабылдағышының алаңішілік су құбырын қайта жаңартуға 307 217,8 мың тенге инвестиция тартылды. «Өскемен Водоканал» кәсіпорнының өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Наталья Лукеринаның сөзінше, қазіргі уақытта ол резервтік функцияны орындап отыр.
- Бұл нысанда магистральдық құбырлардың апаттық учаскелерін және бекіту-реттеу арматурасын ауыстыру көзделген. Атап айтқанда, диаметрі 125-600 мм болатын 31 бекіткіш арматура жаңартылмақ. Қазіргі таңда “Төменгі Согра” су қабылдағышы 70 000-нан астам қала тұрғыны мен «AES Өскемен ЖЭО» АҚ, «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ сынды өнеркәсіптік кәсіпорындарын сумен қамтамасыз етіп отыр, - дейді ол.
Ал Байбатчина көшесі бойындағы КНС-30-дан кәріз коллекторын күрделі жөндеу үшін 364 170,3 мың теңге бөлінді. Жауапты мамандардың сөзінше, бұл нысан 14, 16, 18, 19 және Аблакетка тұрғын ауданынан ағынды суды бұрумен айналысады.
- Аталған коллекторда бірнеше рет апатты жағдай болған. Сондықтан жобаның қызмет ету мерзімін 50 жылға дейін ұзартып, полиэтилен құбырларынан ұзындығы 3,163 км болатын қысымды коллекторды ауыстыру жоспарда бар, - деп атап өтті Наталья Лукерина.
Айта кетейік, екі нысанның да жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер