Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті "Таза Өскемен" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшылығына қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер 2022-2023 жылдары лауазымдық өкілеттіктерін пайдаланып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен, бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар коммерциялық құрылымдардың есепшоттарына жүйелі түрде заңсыз аударып отырған.
- Қылмыстық схеманың мәні материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімдеуге негізделген. Құжаттарда жол жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған техника жалдау, сондай-ақ бұрын орнатылған 23 аялдама павильонын жасауға қажетті материалдарды алу туралы жалған деректер көрсетілген, – деп жазды ведомстводан.
Кейін бұл қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген.
Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асты.
Тергеу барысында күдіктілердің қылмыстық жолмен алынған табысына сатып алынған мүлік анықталды: Өскемен қаласындағы элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер, BMW X6M және Subaru Forester маркалы автокөліктер, сондай-ақ жер учаскелері. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.
Кәсіпорынның бұрынғы директорына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі шара қолданылды.
Тергеу жалғасуда.
ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілуге жатпайды.
Пікірлер