
«Көңілде қимастық бар»: Өскеменде ШҚУ ректоры Мұхтар Төлегенді шығарып салды
8,5 жыл бойы қаладағы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін басқарған Мұхтар Төлеген республикалық конкурстық комиссия шешімімен Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚЗУ ректоры болып тағайындалған болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«2-3 жыл ішінде өзгеріс енгізе бастады»
Бүгін Мұхтар Әділбекұлы аталған университеттің әкімшілік ғимаратында ұжымымен, облыс әкімдігі өкілдері, басқарма мен түрлі мекеме басшыларымен жүздесіп, қызметін аяқтағаны ресми түрде айтылды. Алдымен облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз алып, ЖОО басшысының ректорлық қызметтен бөлек, өңір мәселелеріне белсене араласқанын атап өтті.
– Төмен нәтижені былай ысырып қоятын дүние ол – бәсекелестік. Мұхтар Әділбекұлының ШҚУ-ды басқа алпауыт университеттермен салыстырғанда кем қылмауы, ілгері жылжыту жолындағы еңбегін ерекше атап өтуге болады. Неге десеңіздер, ол кісімен сөйлескенде басқа білім ошақтарындағы тәжірибені мысал етіп, біз де соны жасайық деп үнемі ұсыныс айтып отыратын. Оның алға ұмтылысы мен бәсекелестікке ұмтылуы арқасында көп шаруа тындырылды. Қазір осы университет елдегі жоғары оқу орындары ішінде алдыңғы қатарда тұр, – деді ол.
Облыс басшысының орынбасары оның мықты ұжымын айрықша атап өтіп, басқару стилін бөле-жара айтып кетті. Сөзінше, төңіректегілердің бәрімен тіл табысып, түрлі жиын, конференцияда бір жерге топтауы – дипломатияның бір көрінісі.
– Біздің серіктестер жанымызда отыр деп айтты жаңа. Шынында да бұл кісі өз тарапынан байланыс орнатып, қарым-қатынас жасай алады. Жан-жақтан мұндай қолдаудың болуы – 8,5 жыл ішіндегі табанды еңбек көрінісі, – деген Ербол Нұрғалиев Мұхтар Төлегенге облыстық мәслихат атынан Құрмет грамотасын табыстады.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Директорлар кеңесінің төрағасы Әмерхан Рахижанов та ректордың еңбегін атап өтіп, бірнеше жылда байқалған өзгерістерге тоқталды.
– Мұхтар Әділбекұлы бір жаққа кетіп бара жатыр дегенді әлі де сезіне алмай тұрмын. Осында ай сайын жұмыс бабымен келіп тұрушы едім. Студенттермен, оқытушылармен жүздесіп, жаңадан ашылған зертхана жұмысымен танысатынбыз. Мұхтар Төлегенмен ай сайын, кейде айына екі рет жолығып, кей тақырыпты талқылап тұрдық. Осы жыл ішінде жаңа кабинеттер, орталықтар ашылды. Кейінгі төрт жыл ішінде болып жатқан өзгерістер кәдімдігдей байқалды. Ол кісі 2018 жылы жұмысына кірісіп, арада 2-3 жыл өткенде университетке жаңалықтар енгізе бастады. Мәселе мақтағанда емес. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақта. Сол шындықты айтып отырмын, – деді Директорлар кеңесінің төрағасы.
Күмәнмен қарағандар да болды
Әмерхан Рахимжанов та төрт жыл бірлесе жұмыс істеген жемісті кезеңді әралуан естелікпен саралап, ректордың иығына шапан жапты. «Шапан киюге жасы келген жоқ әлі. Бірақ салт бойынша кигізейік» деп езу тартып, қолдауын білдірді.
Бұл ғана емес, облыстық Білім басқармасы, прокуратура, қалалық мәслихат төрағасы және басқасы сый-сыяпатын көрсетіп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Айтуларынша, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ Шығыс Қазақстан университетінен 4-5 есе үлкен. Шығыс топырағындағы білім ошағын қалай шыңға шығарса, Шымкенттегі жоғары оқу орнын да солай биікке көтеруге тілекші екендерін жеткізді. Көбі Мұхтар Әділбекұлы алғаш жұмысын бастағанда күмәнмен қарап, әліптің артын баққандарын жасырмады. Дегенмен арада жылдар өткенде күдік бұлты сейіліп, сенім желкені көтерілген. Осындай кездесу барысында көзіне жас алған ректор ұжымы мен Шығыс Қазақстан жұртына алғысын жеткізді.
– Бүгін сондай бір толқып тұрған сәт. Маған қолдау көрсеткен барлығына зор алғыс білдіремін. Ұжыммен бірлесе отырып, 8,5 жылда біршама жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мырзаның қолдауының арқасында біздегі студенттер саны 2900-ден 11 мыңға жетті. Саны ғана емес, сапа жөнінен де республика бойынша алдыңғы қатарға шықтық. Ғылым бойынша екі коммерцияланатын жоба, сонымен қатар 133 гранттық және мақсатты бағдарлама жобалары болды. 2018 жылы оның соммасы 110 млн теңге болса, қазір 4,5 млрд теңгеге жеткен. Депутат ретінде де жұмыс істеп көрдік. Жалпы, көңілде қимастық бар, – деді Мұхтар Төлеген.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет: ШҚУ баспасөз қызметінен
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер