Өскемен Президент Телерадиокешені ұйымдастырған «Хроникадан болашаққа» атты деректі фильмдер кинолекторийін қабылдаған оныншы қала болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған жоба аясында көрермен назарына деректі фильмдер легі ұсынылды. Кинолекторийдің басты мақсаты сол, деректі киноны барынша насихаттау, ел тарихындағы маңызды оқиғаларды таспалау дәстүрін жалғастырып, Телерадиокешеннің тарихи мұраны сақтау миссиясын дәріптеу.
Өскемендегі кинолекторийдің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты.
– Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай еліміздің әр өңірінде деректі фильмдер апталығы ұйымдастырылып жатыр. Алдағы екі күнде өңір тұрғындары мен қонақтары қоғам үшін маңызы зор, тағылымы мол туындыларды тамашалай алады. Осындай маңызды жобаны жүзеге асырып отырған Президент Телерадиокешені ұжымына алғысымды білдіремін, – деді Ербол Жолдаспекұлы.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары елде әділетті әрі ашық қоғам қалыптастыруға бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, мұндай мәдени жобалар көрерменге рухани ой салып, қоғамдағы өзекті мәселелерге жаңаша көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.
Кинолекторий аясында 20-21 шілде күндері Өскемен көрермендеріне «Құлалы аралындағы адам», «Қуатты серіктес», «Серт» және «Travel Kazakhstan» деректі фильмдері ұсынылады.
Президент Телерадиокешені Деректі кино орталығының аға редакторы Эльмира Ишмухаметова көрермендерге көрсетілетін фильмдер жайында айтып өтті.
– «Құлалы аралындағы адам» деректі фильмі Каспий теңізіндегі Құлалы аралында тұратын гидрометеорологиялық станция басшысы Петр Лупенковтың өмірі мен еңбегі туралы баяндайды. Ол осы аралда 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді. Өз кәсібін ерекше жақсы көретін кейіпкер еңбек демалысына шыққанда да қалада тұрақтағысы келмей, қайтадан аралға оралуды жөн көреді. Ол әр үш сағат сайын материкке ауа райы туралы мәлімет жіберіп отырады, – деді Эльмира Ишмухаметова.
Ал «Қуатты серіктес» деректі фильмі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға жасаған ресми сапарына арналған. Туындыда екі ел арасындағы ынтымақтастықпен қатар, Жапония мәдениеті, салт-дәстүрі мен ресми және бейресми кездесулердің маңызды сәттері көрсетілген.
Айта кетейік, «Хроникадан болашаққа» кинолекторийі 21 мамырда Астана қаласында басталды. Жоба елдің бірнеше өңірін қамтып, облыс әкімдіктері қолдауымен өңірлік кинотеатрларда ұйымдастырылып келеді. Көрсетілімдерге кіру тегін.
Барлық фильм Президент Телерадиокешенінің Деректі кино орталығында түсірілген. Жобаның қорытынды көрсетілімі 25 қыркүйекте Алматы қаласында өтеді.
Пікірлер