
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді 233 мыңға жуық талапкер тапсырды. Олардың 73,1%-ы тестті қазақ тілінде, 26,8%-ы орыс тілінде, ал 383 талапкер ағылшын тілінде тапсырған. Осы жылы талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижемен білім беру гранты конкурсына қатысу мүмкіндігі берілді. Нәтижесінде 233 мың талапкер тестілеуді барлығы 422 мың рет тапсырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ең жоғары баллды екі оқушы жинады
Тестілеу қорытындысында 177 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады. Ресми ақпаратқа сәйкес, орташа нәтиже – 69 балл. Ал ең жоғары 140 баллды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир мен Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия жинады. Сондай-ақ 821 талапкер 130 баллдан жоғары нәтиже көрсетті.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 800 талапкерге тестілеуден өту үшін арнайы жағдай жасалды. Сонымен қатар 95 мыңнан астам апелляциялық өтініш қаралып, 152 тест тапсырмасы бойынша өтініштер қанағаттандырылды.
Бұдан бөлек, ҰБТ барысында 890 ереже бұзушылық тіркелді.
Өңір жастары өз биігінен түспеді
Облыстық Білім басқармасы мәліметінше, биыл өңірдегі 5192 түлектің 4287-сі ҰБТ-ға қатысып, 82,5%-ды құрады. Сынақ Өскемен қаласы мен Үлкен Нарын ауданындағы тестілеу пунктерінде өтті.
Ресми ақпарат бойынша биыл шығысқазақстандық 7 оқушы жоғары балл жинады. Олар:
Назым Берікқызы (Катонқарағай ауданы, Ақсу ауылы, Ақсу орта мектебі) - 139 балл;
Инабат Ахметкаримова (Глубокое ауданы, Перевальное ауылы, М. Ғабдуллин атындағы орта мектебі) - 138 балл;
Райымбек Әсет (Өскемен қаласы, Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты) - 138 балл;
Ақбота Атан (Өскемен қаласы, Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты) - 135 балл;
Аяулым Серікова (Тарбағатай ауданы, М. Әуезов атындағы Ақжар мектеп-интернат-колледжі) - 135 балл;
Тимур Асылбеков (Зайсан ауданы, М. Әуезов атындағы орта мектебі) - 134 балл;
Еңлік Ұланқызы (Зайсан ауданы, Х. Мұстафина атындағы мектеп-лицейі) - 133 балл.
Өңір бойынша көшбасшы атанған Катонқарағай ауданындағы Ақсу орта мектебінің түлегі Назым Берікқызы ҰБТ-ға 10 сыныптан бастап дайындалған.
– Өзім Катонқарағай ауданындағы Жазаба ауылының тумасымын. 1-4 сыныпты сонда оқып, 5 сыныпта Ақсу орта мектебіне ауыстым. ҰБТ-ға екі жыл бойы үздіксіз дайындалдым. Таңдау пәндерім – қазақ тілі мен әдебиеті. Сынақтан сүрінбей өту үшін арнайы курсқа жазылып, мектептегі мұғалімдерден де кеңес алып жүрдім. Әсіресе математика пәні қиындық туғызды. Алғашын тілі бойынша байқау тестілеуінен 95 балл алдым. Кейін жоғары нәтижелерге жете бастадым, – деді жас түлек.
Назым Берікқызы – «Алтын белгі» иегері. Бұдан бөлек, ол мектеп қабырғасында домбыра мен вокал үйірмелеріне де қатысқан. Болашақта ұстаз болуды мақсат еткен дарынды жас Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне құжат тапсырды.
– ҰБТ-ға бір апта қалғанда қорқыныш арта бастады. Бір күн қалғанда тіпті уайымдадым. Тестілеу Өскеменде өтті. Тексеріс те қатал болды. Жалпы 4 сағат берілді. Мен 1,5 сағатта тапсырмаларды орындап қойдым. Экранда 139 балл шыққанда қалай қуанғанымды білсеңіз ғой. Шыққан соң ата-анам да қуаныштан жылап жіберді. Кейін ұстаздарым да хабарласып, жан-жақтан құттықтап жатты. Енді алда жаңа кезең күтіп тұр. Жоғары білім алып, оқуымды ойдағыдай аяқтап, жас ұрпаққа сапалы білім бергім келеді, – деді Назым Берікқызы.
Ал Глубокое ауданындағы М. Ғабдуллин атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Инабат Ахметкаримова ҰБТ-дан 138 балл жинап, үздіктер қатарынан көрінді.
– Тестілеуде дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі пәндерін тапсырдым. Бірақ ILETS халықаралық емтиханынан алған нәтижем есептеліп, шет тілінен максималды 50 балл алдым. ҰБТ-ға 10 сыныптан бастап үздіксіз дайындалдым. Тәртіп пен еңбектің арқасында жоғары балл жинай алдым. Қазір Халықаралық қатынастар және дипломатия мамандығын таңдап отырмын. Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетіне түсу жоспарда бар. Болашақта білікті маман иесі атанып, еліміздің сыртқы саясатын дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Сондай-ақ еріктілікпен айналысып, бірнеше шет тілін меңгергім келеді, – деді Инабат.
Өтініш қабылдау басталды
13-20 шілде аралығында талапкерлерден гранттар конкурсына қатысу үшін өтініш қабылданады. Құжаттарды жоғары оқу орындарындағы қабылдау орталықтары арқылы оффлайн (виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн) немесе eGov арқылы онлайн тапсыруға болады.
Грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификатын, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері үшін диплом) тапсыру керек. Сондай-ақ бар болған жағдайда жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсынылады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, білім беру гранттары конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша келесі шекті балдар белгіленген:
«Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» бағыттары бойынша – кемінде 75 балл;
«Денсаулық сақтау» бағыты бойынша – кемінде 70 балл;
«Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мен «Ветеринария» бағыттары бойынша – кемінде 50 балл;
ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл;
басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл.
Ескере кететін жағдай – жоғары оқу орындары білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға қабылдау үшін өз шекті балдарын өздері белгілеуге құқылы.
Ауылдардан шыққан және әлеуметтік осал топтарға жататын талапкерлерді қолдау мақсатында қабылдау науқаны аясында арнайы шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, гранттар конкурсына қатысу барысында мемлекет бекіткен квоталар бар.
Айта кетейік, 2026 жылы «Цифрлық университет» қағидатын жүзеге асыру жалғасады: үдерістердің басым бөлігі автоматтандырылған, бұл конкурстық іріктеудің ашықтығын арттырады.
Білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер