A+ A A-

talgatzhan 36 Бүгін, 11:50 0

Жазда қандай ұрлық түрлері жиі кездеседі және мүлікті қалай қорғауға болады?

Бүгін / ШҚО / Пайдалы

Жаз мезгілінде көпшілік демалыс қамын күйттеп, қауіпсіздік мәселесіне жеткілікті мән бере бермейді. Дәл осы кезеңде пәтер, велосипед, ұялы телефон және көліктегі затты жымқыру фактілері жиілей түседі. Қолының сұғанағы барлар адамдардың бейқамдығын өз пайдасына жаратып, аз ғана сәтті тиімді пайдаланады. Сондықтан жазғы демалыс кезінде жеке мүлік қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлген жөн. Мамандардың айтуынша, қарапайым сақтық шараларының өзі көптеген құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Жазда мүлкіңізді қорғаудың тиімді жолдары туралы Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті мамандары айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Пәтер ұрлығы

Облыстық Полиция департаменті мәліметінше, былтыр жазда 20-дан астам пәтер ұрлығы тіркелді. Мұндай қылмыстар көбінде күндіз, үй иелері жұмыста болғанда немесе демалысқа кеткенде жасалады.

Қаскөйлер көбінесе ұзақ уақыт бойы жарығы жанбайтын, тұрғындардың бар екені байқалмайтын, ал иелері әлеуметтік желілерде демалыстағы фотосуреттерін жариялап жүрген пәтерлерге назар аударады.

Баспананы қалай қорғауға болады? Тәртіп сақшылары берген кеңес мынадай:

Орнатқан есік пен құлпыңыз берік болуы тиіс;

Мүмкіндік болса, үйге дабыл жүйесін орнатыңыз;

Көршілеріңізден пәтеріңізге көз салып жүруді сұраңыз;

Демалыста жүргенде фотосуреттерді көп жарияламаңыз;

Суреттерді әлеуметтік желіге үйге оралғаннан кейін ғана жүктеңіз.

Сондай-ақ жолға шығар алдында туыстарыңыздан немесе көршілеріңізден пошта жәшігіндегі түбіртектерді, есікке қыстырылған жарнамалық парақшаларды уақтылы алып тұруды, ал кешке пәтердің жарығын жағып қоюды сұраңыз.


Велосипедтер жоғалып жатады

Полиция департаменті мәліметінше, өткен жазда шамамен 10 велосипед ұрлығы анықталды. Бұл – тек ресми статистика. Велосипед иелері кейде болған оқиға туралы құқық қорғау органдарына хабарламай жатады. Бұл да өз кесірін тиігізіп жатады.

Велосипедтер көбінде дүкендердің, үйге кіреберістердің, сауда үйлері және балалар алаңдары маңынан жоғалып кетеді. Көп жағдайда көлік иелері оны қараусыз қалдырып кетіп жатады.

Полицейлер мынадай кеңес береді:

Велосипедке сапалы құлыптарды пайдаланыңыз;

Оны бірнеше минутқа болса да қараусыз қалдырмаңыз;

Мүмкіндік болса, оны кіреберісте емес, үй ішінде сақтаңыз.

Сондай-ақ велосипедтің барлық сипаттамасы мен ерекшелігін жақсы білу маңызды. Оның құжаттары немесе фотосуреті болғаны жөн. Осы мәліметтердің барлығы іздестіру кезінде көмектеседі.

Егер ұрлық бейнебақылау камералары орнатылған көшеде болса, құқық бұзушылықтың ашылу мүмкіндігі артады. Кейде соның өзінде де затыңызды жымқырған адамның табылмай қоятыны бар.


Телефонға сақ болыңыз

Полиция департаменті мәліметінше, өткен жылы жазында облыста 50-ден астам ұялы телефон ұрлығы тіркелген. Көп жағдайда ұрлық адамдар көп жиналатын жерлерде – базарларда, сауда орталықтарында, саябақтарда және басқа да қоғамдық орындарда болады. Сондай келеңсіз жайтқа ұшырамас үшін телефонды кафедегі үстелде немесе жағажайда қараусыз қалдыруға болмайды. Сөмкені үнемі жабық ұстап, бағалы заттарды ішкі қалталарда сақтау керек.

Бүгінде ұялы телефон – тек байланыс құралы ғана емес, сонымен қатар банк шоттары мен жеке деректерге қол жеткізу мүмкіндігі. Сондықтан оны ұрлатып алған жағдайда (немесе жоғалтып алғанда), төмендегідей әрекет ету қажет.

Басқа мобильді құрылғыдан банкке қоңырау шалып, банк картаңыз бен мобильді қосымшаңызды бұғаттауды сұраңыз;

Өз нөміріңізге қоңырау шалыңыз. Егер телефонды жоғалтып алсаңыз, оны тауып алған адамның қайтаруы әбден мүмкін;

Егер құрылғыны іздеу функциясы қосылған болса, оны пайдаланыңыз;

Телефонды табылмай жатса, полицияға жүгініңіз;

Электрондық поштаңыз бен мессенджерлердегі құпиясөздерді өзгертіңіз.

Көлікті қараусыз қалдырмаңыз

Жыл сайын полиция көліктерден жасалатын ұрлықтарды тіркейді. Әсіресе күзетілмейтін автотұрақтарда мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Қылмыскер көзге көрінген телефондар, әмияндар, ақша және басқа да бағалы заттар үптеп кетуге тырысады. Темір тұлпарыңыздан бірнеше минутқа алыстап бара жатсаңыз да, заттарыңызды көлік салонында қалдырмаңыз. Есік пен терезелердің және жүксалғыштың жабық екенін міндетті түрде тексеру керек. Сонымен қатар көліктегі дабыл жүйесі бұзып кіру және ұрының көлікке ену қаупін айтарлықтай азайтады.


Интернет-алаяқтар да именетін емес

Жаз мезгілінде интернет-алаяқтар да «жанталасып» кетеді. Әдетте олар іс жүзінде жоқ турларды, демалыс орындарын, тәуліктік пәтерлерді ұсынып, тұрғын үйді брондау үшін алдын ала төлем талап етеді. Төлем жасамас бұрын олардың қызмет көрсетуі туралы пікірлерді тексеріп, компанияның шынымен бар екеніне көз жеткізіп, мәміле расталмайынша бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз.

Егер туристік қызметті нақты компания көрсетсе, бірақ тұтынушылар құқықтарын бұзса (мысалы, ақшаны қайтарудан бас тартса, сипаттамаға сәйкес келмейтін тұрғын үй ұсынса немесе шарт талаптарын орындамаса), ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуге болады (мекенжайы: 30-шы Гвардиялық дивизия көшесі, 22; телефон нөмірі: 8 (7232) 61-41-21, 26-72-07).

Ал ақша жымқырған, жалған тұрғын үйді жалға берген немесе қызмет көрсету туралы ақпарат жариялаған алаяқтар туралы бірден полицияға хабарлау қажет. Бұдан бөлек, өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардың қоңыраулары да жиі түсіп жатады. Егер қоңырау күмәнді болып көрінсе, әңгімені бірден тоқтатқан дұрыс.

 

Ұрлық болып жатқанын көрсек, не істейміз?

Мұндай жағдайда ШҚО Полиция департаменті дереу 102 нөміріне хабарласуды немесе жақын жердегі полиция бөліміне жүгінуді ұсынады. Ұрлықтың қай жерде және қашан болғанын, ұрланған мүлікті мүмкіндігінше толық сипаттап айту маңызды.

Демалысқа шығар алдында төмендегі кеңестерге құлақ түрген де артық емес:

Пәтер мен көліктің барлық терезесі мен есігін жабыңыз;

Кілттерді кілемшенің астына немесе пошта жәшігіне қалдырмаңыз;

Көршілеріңізден пәтеріңізге көз салып жүруді сұрап, міндетті түрде байланысқа шығуға болатын телефон нөмірлеріңізді қалдырыңыз;

Әлеуметтік желілерде демалысқа кеткеніңіз туралы хабарламаңыз;

Бағалы заттарды көлікте, ал велосипедтерді кіреберісте қалдырмаңыз;

Телефоныңызда құрылғыны іздеу функциясының қосылғанын тексеріңіз;

Банк картаңызға және мобильді қосымшаға қолжетімділікті бұғаттау үшін қоңырау шалуға болатын банктің жедел желі телефонын түртіп қойыңыз.

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив