Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында білім басқармасы басшысы Қуат Оқасов жаңа оқу жылына арналған оқулықтарды сатып алуға жыл сайын 450 млн теңге бөлінетінін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жоспарға сәйкес оқулықтарды мектептерге жеткізу тамыз айының ортасына дейін аяқталуы тиіс. Алайда сессия барысында депутаттар жаңартылған оқу бағдарламасына арналған оқулықтарды қайта басып шығаруға қарастырылған 72 млн теңгені қысқарту шешімін мақұлдады.
Мұндай өзгеріс облыста салық түсімдерінің 12 млрд теңгеге кем түсуіне байланысты бюджет шығынын оңтайландыру аясында қабылданған. Қаржы қысқарту барлық облыстық басқармаға қатысты жүргізілсе, білім саласында ең елеулі үнем оқулықтарды басып шығаруға бағытталған қаражаттан жасалды.
Әзірге бұл қысқарту жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердің жаңартылған оқулықтармен қамтамасыз етілуіне қалай әсер ететіні нақтыланбаған.
Пікірлер