A+ A A-

talgatzhan 43 15-10-2024, 13:30 0

Өскеменде Халықаралық Ақ таяқ күні аталып өтілді

Бүгін / Өскемен

Ақ таяқ күні 1970 жылы 15 қазанда халықаралық зағип­тар федерациясының қолдауымен бекі­тілген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Айтулы күннің тарихы 1921 жылдан бас­талады. Көру мүмкіндігінен айырылған ағылшындық Джеймс Бигс есімді азамат көшедегі кәдімгі таяқ ұстаушылардан ерекшелену үшін қолындағы таяғын ақ түске боятқан екен. Қазіргі күні ақ түсті таяқ әлем бойынша зағип жан­дардың белгісі саналады. 
Осыған орай Шығыс Қазақстан облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы мен облыстық Өнер музейінің мұрындық болуымен “Жан жылуы” атты концерт өтті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, іс-шараның негізгі идеясы - мереке символы туралы түсінік қалыптастырып, әйгілі зағип жазушылар, спортшылар мен өнер адамдары туралы әңгімелеу. 
- Бүгін айтулы күн. Ортамыздағы ерекше жандарға көңіл бөліп, тығыз қарым-қатынас орнатсақ дейміз. Олардың мұң-мұқтажын тыңдап, қолдан келгенше көмек беру керек. Тек мереке аясында шектеліп қалмай, күнделікті әңгімелесіп, қолдау білдірсек, нұр үстіне нұр болар еді, - дейді мекеме директоры Бекайым Ұябаева. 

Мерекеге №19 қосымша білім беретін мектеп орталығының оқушылары мен арнайы шақырылған қонақтар келді. 
- Концерттік бағдарлама барысында қатысушылар өз өнерлерін ортаға салмақ. Сондай-ақ зағип оқырмандарымыз жазған өлеңдер жинағы да келушілерге ұсынылады. Ал Шығыс Қазақстан Өнер музейінің өкілдері бірқатар туынды туралы ақпарат беретін болады, - дейді кітапхана қызметкері Назым Көбенова. 
Сондай-ақ іс-шарада «Қолыммен сеземін» кітап көрмесі көпшілікке таныстырылды. Сөреге көру қабілеті нашарлаған мүгедек жандардың өмірі, жетістіктері мен көз ауруларын емдеудің алдын алу тақырыбындағы кітаптар қойылды. Бір ерекшелігі - басылымдар бедерлі-графикалық, бедерлі-нүктелік, дыбысты және жалпақ баспа түрінде ұсынылған. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив