Жыл басында М.Әуезов даңғылы мен М.Горький көшесінің қиылысында алты көлік соқтығысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
5 ақпан күні Ssang Yong Nomad маркалы көлікті тізгіндеген қала тұрғыны Жеңіс даңғылы бағытымен келе жатқан Mitsubishi RVR көлігінің жүргізушісімен соқтығысқан. Кейін Ssang Yong Nomad ГАЗ 330252 көлігімен қақтығысқан. Ал ГАЗ 330252 Lexus RX 300 және ГАЗ Ф021R23 көліктерімен, Mitsubishi RVR көлігі Lada Granta-мен соқтығысқан.
Салдарынан Mitsubishi RVR жүргізушісі мен оның 2018 жылы туған қызы зардап шекті.
Кінәлі деп танылған жүргізушінің айтуынша, ол түні бойы жұмыс істеген соң үйіне барып, кейін қайта рөлге отырған. Анықталғандай, жүргізуші М.Горький көшесі бойымен келе жатып, жаяу жүргіншілерді өткізген соң есін жоғалтып алған.
Сот барысында жүргізуші өз кінәсін мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрады. Ал медициналық сараптама оның мас күйде болмағанын көрсетті.
Өскемен қаласының №2 сотының шешімімен жүргізуші Қылмыстық Кодекстің 345-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Оған қоса 60 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылмақ. Жәбірленушілерге де моральдық шығынды өтеуі тиіс.
Пікірлер