
Шалғайдан Шығысқа ойысқан отбасылар: Оңтүстік өңірлерден қоныс аударғандар қолдауды толық сезініп жатыр ма?
Қазақстанда ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы соңғы жылдары жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып келеді. Мемлекет ауылдарға барып, әлеуметтік саланы күшейтуге ниет білдірген жастарға көтермеақы, жеңілдетілген несие және түрлі қолдау шараларын қарастырған. Дегенмен, келген азаматтардың жаңа ортаға бейімделуі әртүрлі. Бірі көп-көрім орнығып жатса, енді бірі кері көшуге мәжбүр. Бұл материалда Катонқарағай ауданына қоныс аударушылардың тәжірибесі мен бағдарламаның өңірдегі іске асу барысы туралы айтатын боламыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Неге көшіп келдің?»
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыстан 3497 адам көшіп кеткен. Бұл өңірдің демографиялық ахуалына кері әсер етіп отыр. Осы мәселені шешу үшін мемлекет оңтүстік пен батыс облыстарынан адам аз шоғырланған аймақтарға қоныс аударуына күш салған. Солардың ішінде Катонқарағай ауданы да бар. Қазір ауданда 9065 адам тұрады. Соңғы жылдары өңірге оңтүстіктен және батыстан келген отбасылар көбейгенімен, олардың бір бөлігі тұрақтамай, қайта көшті.
Ақтаудан Катонқарағай ауданының Өрел ауылына қоныс аударып келген Аякөз Бақыш та жаңа қонысқа тұрақтай алмағандардың бірі. Тамыз айында көшіп барған ол желтоқсанға жетпей қайтадан Ақтауға оралған.
– Мені өздері шақырды. Береміз деген үйі ескі, қаңырап қалған болып шықты. Жергілікті мұғалімдер ішін ақтауға көмектесті. Әкімдік те ауладағы шөпті жұлуға адамдар жіберді. Бірақ бастапқыда үйді толық жабдықтап береміз деген уәде орындалмады. Көрпе, төсек, кілем – не керектің бәрін өзіміз сатып алдық, – дейді ол.
Аякөздің айтуынша, қоныс аударғаннан кейін әлеуметтік желіде де, ауыл ішінде де жағымсыз пікірлерге ұшыраған.
– Мен блогермін. Инстаграм, Тик-ток арқылы жұмыс істеймін. Әрбір видео салған сайын сол жақтың халқы жаман пікірлер жазып отырады. «Неге көшіп келдің? Қаңғырып не істеп жүрсің?» деген пікірлер көп болды. Бұл жаққа өзге өңірден көшкендерді қаңғырып келді деп ойлайды екен. Мектепте балаларым буллингке ұшырады. «Ақтауларыңа қайтыңдар» деп тиісе бастады. Балаларым да үйренісе алмады, – дейді ол.
Әкімдіктен көмек түгілі қолдау таппаған Аякөз Бақыш қараша айының соңында Ақтауға көшіп кеткен.
– Менің оқырмандарымның арасында 6 баласымен көшіп келгісі келгендер болған. Бірақ мүлдем жақындатпады. Квота жоқ деген сылтаумен алыстата берді. Біз көшіп кетіп бара жатқанда Шымкент жақтан екі отбасы келіп жатты, – деп түйіндеді Аякөз Бақыш.
Дегенмен, барлық қоныс аударушының тәжірибесі Аякөздікіндей емес. Оңтүстіктен үш баласымен келген Сандуғаш Мусина ауданға тез бейімделгенін айтады.
– 2024 жылы үш баламмен бірге көшіп келдік. Әкімдік тарапынан үй беріліп, барлық қажетті құжатты рәсімдеу бойынша да бағыт-бағдар көрсетілді. Келген күннен бастап тұрақты байланыс орнатылып, тұрмыстық мәселелер бойынша көмектесіп отырды. Ауыл адамдарының мейірімділігі мен табиғаттың көркемдігі бірден баурап алды. Балалар да мектепке тез бейімделді. Мұндағы тыныш өмір мен таза ауа көңілге ерекше жайлылық сыйлайды. Сондықтан қайта кету ойымызда жоқ. Бұл жерді өз үйіміз, жаңа өміріміздің бастауы деп қабылдадық, – дейді ол.
«Дипломмен ауылға»: мүмкіндіктер мен шектеулер
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы 2009 жылдан бері жүзеге асып келеді. Бұл жоба бойынша ауыл-аймаққа барған мамандарға 306 мың теңге көлемінде бір реттік көтермеақы, тұрғын үй сатып алу үшін 4,6 млн теңгеге дейін 0,01% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие қарастырылған. Басты талап – кемінде 3 жыл ауылда жұмыс істеу.
2009-2021 жылдар аралығында бағдарлама арқылы 85 мыңнан астам маман жұмысқа орналасқан. Алайда бағдарламаға қатысты сын-пікірлер де бар. Өскемендік жас мұғалім Сая Мұратбаева ауылға баруға дайын екенін айта отырып, шарттардың әлі де жетілдіруді қажет ететінін жеткізді.
– Ауылдағы азық-түлік бағасы қаладағыдан арзан емес. Үйдің бағасы 4-5 млн теңге. Жолдасым жұмыс таба алмай қалуы мүмкін. Бағдарлама тиімді болуы үшін көпбалалы отбасыларға кемінде алғашқы айларда қосымша қолдау қажет. Тіпті баспана үшін қайтарымсыз 10 млн теңге берілсе, белсенді жастар барар еді, – дейді ол.
2014 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Қалбатау ауылына барған тарих пәнінің мұғалімі Ади Есентаев бүгінде сол ауылда орнығып, үлкен әулетке айналған.
– Сол кезде 2 млн 700 мың теңге берілді. Үстіне 1000 доллар қосып үй алдым. Бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесі өте тиімді болды. Әлі күнге дейін өкінбеймін, – дейді ол.
Әкімдік ұсынған ақпарат
Катонқарағай ауданы әкімдігі берген ресми жауапқа сүйенсек, жыл басынан бері ауданға 48 жас маман келген. Олардың барлығы біржолғы әлеуметтік көмек алған, ал 11 маман тұрғын үйге несие алу үшін кезекте тұр. Дегенмен кейбір маман берілген баспананың сапасына қатысты шағымданады.
– Аурухананың артынан үй берілді. Жаңбыр жауған сайын шатырынан су ағады. Әкімдікке бардық, бірақ мәселе шешілмеді. Келгенде үйге қатысты көп уәде берілген еді. Іші-сыртын өзіміз жөндедік, – дейді дәрігер Айгерім Маратқызы.
Әкімдік бұл жағдайға жауап бере отырып, бірқатар жағдайға тоқталды.
– Пәтердің техникалық жағдайын тексеру әкімдік міндетіне кірмейді. Оны сатып алушы өзі немесе сарапшы арқылы тексеруі тиіс. Дегенмен жас мамандармен тұрақты байланыс бар, кездесулер өткізіледі, – делінген.
Ауданда биыл бағдарламаның тиімділігін анықтау үшін мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде қоныс аударушылардың басым бөлігі жұмыспен қамтылып, тұрмыс жағдайының жақсарғаны белгілі болған. Дегенмен аудан әлі де УЗИ дәрігері, стоматолог және музыка, математика пәнінің мұғалімдеріне мұқтаж.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы – ауылдарды кадрмен қамтуға бағытталған ең ауқымды жобалардың бірі. 15 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарлама мыңдаған жас маманға жаңа өмір бастауға мүмкіндік берді. Дегенмен Катонқарағай ауданының мысалында көрініп тұрғандай, бұл жүйенің әлсіз тұстары да бар. Қоныс аударушылардың кейбірі әкімдік берген қолдау мен ауыл халқының жылы қабағын атап өтсе, енді бірі уәде етілген көмектің толық орындалмағанын, баспананың сапасы көңілден шықпайтынын, жаңа ортаға бейімделудің қиындық туғызатынын жасырмайды. Бұл ретте негізгі мәселе ақпараттың жеткіліксіздігі мен әр ауылдағы инфрақұрылым деңгейінің біркелкі еместігі десек те болады. Ауылға қоныс аударуға дайын жас мамандар үшін ең маңыздысы баспананың сапасы екені белгілі.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер