Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының концерт залында ҚР еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Михайлович Ткачтың 65 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Салтанатты кеш Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрінің орындауындағы П. И. Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан алынған полонез-увертюрамен ашылды. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Александр Галсанов дирижерлік етті.
Мерейтой иесінің әр жылдардағы сахналық өнерінен алынған бейнекадрлар концерттің әсерлі прологы болды.
Бағдарламада П. И. Чайковский, С. Рахманинов, Дж. Россини, Ж. Бизе, Ш. Гуно, Г. Доницетти, П. Масканьи шығармаларынан ариялар мен сахналар және қазақ классикалық туындылары мен неаполь әндері орындалды. Сахнада Вячеслав Ткачпен бірге оның шәкірттері де өнер көрсетті. Олар бүгінде Қазақстанда, Еуропа мен Ресейдің жетекші опера және концерттік алаңдарында табысты өнер көрсетіп жүрген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары.
Мерейтой иесін құттықтаған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов оның өңір мәдениеті мен музыкалық білім беру саласын дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті:
- Вячеслав Ткачтың аймақ мәдениетінің өркендеуіне сіңірген еңбегі орасан. Бұл мерейтойлық кеш оның көрнекті әртіс әрі ұстаз ретіндегі жоғары беделін айқын дәлелдеді. Оның көпжылдық шығармашылық және педагогикалық қызметі, мамандыққа деген адалдығы мен жаңа буынды тәрбиелеудегі еңбегі зор, - деді ол.
Сонымен қатар әріптестері, мәдениет саласының ардагерлері мен шығармашылық және білім беру мекемелерінің басшылары да жүрекжарды лебіздерін білдірді. Кеш барысында орындалған әрбір нөмір көрермендердің ыстық ықыласы мен шынайы қошеметіне бөленді.
Аншлагпен өткен концерт Шығыс Қазақстанның мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналды.
Пікірлер