A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 12:50 0

ШҚО әкімі Өскемен тұрғындарының мәселелерін тыңдады

Бүгін / ШҚО

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановпен кездесуде тұрғындар қала өміріне тікелей әсер ететін бірқатар түйткілді мәселені көтерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Соның бірі — қаңғыбас иттердің көбеюі. Шаһар тұрғыны Шмелев Лог, Лесхоз, Красина, Бабкина Мельница және Степное шағын аудандарында иттерді жиі жүретнін айтып, бұл жағдайдың қашан шешілетінін сұрады. 
Облыс әкімі мәселенің өзекті екенін мойындап, оның туындауына қоғамның да жауапты екенін атап өтті.
- Ең алдымен, бұл жерде өзіміздің де кінәміз бар. Кейде балаларымызға үй жануарын алып беріп, кейін қараусыз қалдырып, көшеге жіберіп қоямыз. Бұл — дұрыс емес. Үй жануарын алар алдында жауапкершілікті толық сезінуіміз керек. Биыл қаңғыбас иттерге екпе егу және басқа да қажетті шараларға 90 млн теңге бөлінді. Алайда жануарларды атуға жол берілмейді, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да заң аясында қолға алынып, мәселенің жүйелі түрде шешілетінін айтты. 
Кездесу барысында тұрғындар көпқабатты тұрғын үйлердегі лифтердің тозып тұрғанын да жеткізді. Қала тұрғыны Елена Владимировна лифтердің 50 жылға жуық уақыт бойы жаңартылмағанын атап өтті. Бұл халық үшін қауіп төндіріп отыр. Аталған сұраққа шаһар басшысы Алмат Ақышов жауап берді. 
- Биыл 20-ға жуық лифт ауыстырылды. Бұл мәселені заңды тұрғыдан да қарастыру қажет. Қазір 49 лифт қалалық теңгерімге алынды. Келесі жылы оларды жаңарту жоспарланып отыр. Қажетті сараптамалар дайын, енді конкурстық рәсімдерді реттеу керек, - деді қала әкімі.
Сонымен қатар аймақ басшысы Жібек маталар комбинаты ықшамауданындағы мектептердегі оқушы санының артуына байланысты мәселені де тысқары қалдырмады. 
- Соңғы уақытта бұл ықшамауданда халық саны көбейіп, мектептерде орын жетіспеушілігі байқалуда. Осы мәселені облыстық білім және құрылыс басқармаларымен шешіп, нақты ұсыныстар әзірлеңіздер, - деп тапсырды Нұрымбет Сақтағанов.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив