A+ A A-

talgatzhan 41 Бүгін, 16:15 0

ШҚО-да жедел жәрдем қызметіне 36 жаңа заманауи автокөлік табысталды

Бүгін / Басты / ШҚО

Өңірде жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында маңызды қадам жасалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Салтанатты жиында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа көліктердің адам өмірін сақтауға тікелей қызмет ететін маңызды құрал екенін атап өтті. Бұл техника жақын арада облыс қалалары мен аудандарында кезекшілікке шығады.
- Бүгін біз адам өмірін сақтауға бағытталған жедел медициналық қызметке жаңа автокөліктердің кілттерін табыстау үшін жиналып отырмыз. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына 36 арнайы автокөлік берілді. Барлығы соңғы заманауи талаптарға сай жабдықталған және бірден қызмет көрсетуге толық дайын. Бұл — өңір тұрғындарының денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам, — деді аймақ басшысы.
Жаңа автопарктің құрамында С класындағы 4 реанимобиль және В класындағы 32 жедел жәрдем көлігі бар. Олар заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Аталған автокөліктер шұғыл шақыртуларға жедел жетуге, ауыр хәлдегі науқастарды тасымалдауға мүмкіндік береді. Көліктер тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуге бейімделген.
- Облыста жедел медициналық жәрдем қызметінің 25 қосалқы станциясы жұмыс істейді. Өскеменде де ірі жедел жәрдем станциясы бар. Қазір өңірде 50-ге жуық жедел жәрдем бригадасы күн сайын 600-ге дейін шақыртуға шығып, диспетчерлер мыңға жуық қоңырау қабылдайды. Әр санның артында - адам тағдыры, көмекке деген үміт бар, - деді өңір басшысы. 
Жаңа жедел жәрдем көліктері Алтай, Глубокое, Зайсан, Үлкен Нарын, Катонқарағай, Күршім, Марқакөл, Самар, Тарбағатай, Шемонаиха аудандары мен Риддер қаласындағы жедел жәрдем бөлімшелеріне бөлініп берілді. Салтанатты іс-шара барысында медицина қызметкерлері де өз пікірлерін білдірді.
- Бүгін Асубұлақ кентінің ауруханасына жаңа жедел жәрдем көлігі берілді. Бұл біздің жұмысымызды едәуір жеңілдетеді. Алдағы уақытта тұрғындарға сапалы әрі жедел медициналық көмек көрсетуге бар күшімізді саламыз, - деді Асубұлақ кентінің фельдшері Ержан Сенбинов.
Жаңа автокөліктердің іске қосылуы жедел медициналық көмектің сапасын арттырып, шалғай елді мекен тұрғындарына уақтылы медициналық қызмет көрсетуге оң әсерін тигізбек.
Айта кетейік, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркі соңғы рет осындай ауқымда 2020 жылы жаңартылған болатын.

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив