
Облысқа белгілі құрылысшы, Зайсан ауданының тумасы Алтынбек Жакибаев 80 жасқа қараған шағында өмірден озды. Жерлес, әрі талай зәулім ғимарат салдырған жаннан редакция тілшісі 2019-шы жылдың қарашасында емен-жарқын сұхбаттасқан болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Марқұм 46 жылы ғұмырын құрылыс саласына арнаған. Сол уақыт аралығында біршама нысан мен зәулім ғимараттар салды. Өз естелігінде «мен есейгенде шопан, механизатор немесе композитор болмадым. Бала күнімнен қалаған құрылыс саласының маманы атанғым келді» деп жазған.
Осыдан жеті жыл бұрын әңгімелескенімізде балалық шағы туралы, ондағы көрген қиындығы мен қызығы туралы асықпай айтып берген болатын.
Сонда айтқан еді, негізінен әкесі Марқакөл ауылының тумасы. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, жер-жерде бейбіт өмір орнай бастағанда, нақтырақ айтсақ, 1946 жылы Зайсан ауданына көшіп барып, сонда тұрақтайды. Алтынбек Ешмұратұлының сұхбатына зер салсақ, өзі өмір есігін ашқанда әлжуаз болған екен.
– Маған 8 ай болғанда анам 32 жасында өмірден озыпты. Осыдан кейін талай адам «Алтынбек адам болмайды» деп ойлапты. Содан не керек, жақындарым ешкі мен сиырдың сүтін ішкізіп, әл-қуат берді. Мұндағы маған жанашырлық танытқан – әпкем Бәтима болатын, – деді ол.
1969 жылы Қарағанды қаласындағы индустриалды педагогикалық техникумда білім алды. Сондағы Спорт сарайы, шаһардың оңтүстік-шығысындағы 72 пәтерлі тұрғын үйде өндірістік іс-тәжірибеден өткен соң 1972 жылы Өскеменге оралды. Содан бері құрылысшы ретіндегі тәжірибесін толықтырып, бірнеше ауданда жұмысын жалғастырды. Тарбағатай ауданындағы «Ақ мектеп» мал бордақылау совхозында біршама еңбектенді. 150 орынға шақталған сиыр қора, Қарасу ауылындағы бір пәтерлі тұрғын үй және тағы басқа нысандар салды.
Сол уақытта аудан болып тұрған Тавриядағы Ново-Азовое ауылында біршама құрылысқа араласты. 320 адамға арналған мектеп құрылысы, Бетқұдық ауылындағы 120 орындық мектеп, Тавриядағы ветеринарлық дәріхана іргетасын қалады. Шыны керек, қазір көп тұрғынның салынып жатқан үйлерге қатысты айтар уәжі әрқалай. Жеті жыл бұрынғы сұхбат кезінде «Аға, жастық шағыңыз қайта оралса, ғұмырыңызды құрылысқа арнайтын ба едіңіз?» деп сұраған едік, ол жауаптан тосылмады.
– Әлбетте, қазіргі үйлердің сапасы біраз уақыттан соң-ақ көрініп жатады, – дейді кейіпкеріміз. Ал оның басында білікті бригадирдің болуы олқылықты болдырмаудың бірден-бір жолы. Прораб былай тұрсын, ұйымдастырушылық қабілеті қалыптасқан, істің жөнін білетін құрылыс адамы ғана объектінің сапалы салынуына үлес қоса алады. Қоғам өзгеріп, технология дамыды дегенімізбен, кез келген еңбек адамы өз ісіне жауапты болғаны жөн деп ойлаймын, – деді Алтынбек Ешмұратұлы.
Әр жылдары Марқакөл, Глубокое аудандарында, Өскемен қаласында құрылыс саласында маңдай терін төкті. Қаладағы Пермитин, Космическая көшесіндегі үйлердің салынуына сүбелі үлес қосып, ауқымды нысандарды қайта жаңғыртуға күш салды.
Ол қарапайым еңбек адамы ретінде де көпшілік арасында сый-құрметке бөленген адам.
Алтынбек Жакибаев 2006 жылы Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы ретінде мойындалды. 1986-шы жылы, 11-ші бесжылдық қарсаңында «Халықтар достығы» орденіне ие болып, еңбегі тағы бір мәрте еленді.
Жерлесіміз 1989 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы №137 сайлау округі бойынша КСРО халық депутаттығына үміткер атанды. Құрылыс саласына өзіндік серпін сыйлаған азамат 2008 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының мүшесі болды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер