Синоптиктер алдағы күндері облыс аумағында ауа температурасы төмендейтінін болжауда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осыған сәйкес жылумен қамтуда ақаулардың алдын алу мақсатында өңірдегі барлық жылу көзі жоғары дайындық режиміне ауыстырылды.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шешім облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың бүгін Согра ЖЭО-на барған сапары барысында берілген тапсырмасына сәйкес қабылданған.
– Күшейтілген шаралар тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарға жылудың тұрақты берілуін қамтамасыз етуге бағытталған, – делінген ақпаратта.
Қатты аяз жағдайында энергетикалық инфрақұрылымға түсетін жүктеме артып, пешпен жылытылатын үйлер саны көбейеді.
– Осыған байланысты тиісті қызметтер өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын және жылыту жабдықтарының дұрыс пайдаланылуын бақылауды күшейтті. Өңір тұрғындарына қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау жөнінде ескертіледі, – деді әкімдік өкілдері.
Сонымен қатар Экология департаменті мамандары қолайсыз метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, атмосфералық ауаның жай-күйіне мониторинг жүргізуді жалғастыруда.
Пікірлер