Облыс бойынша Экология департаментінің бұрынғы басшысы Мамай Бұтабаевқа қатысты қылмыстық бап пен жаза мерзімі апелляциялық шағым бойынша қысқартылды. Енді ол колониядағы жазасын 10 жыл емес, 3,5 жыл өтейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мамай Бұтабаев 2024 жылдың жазында құрылыс компаниясы өкілінен 8 млн теңгеден астам пара алып жатқанда қамауға алынды.
62 жастағы бұрынғы шенеунік бастапқыда ірі көлемде пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл бір айға бас бостандығынан айырылды.
Бірақ қорғаушы тарап үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Ақырында сот қорғаушылар ұсынған дәлелдерді ескеріп, айыптауды парақорлықтан алаяқтыққа қайта ауыстырды. Мамай Бұтабаевтың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 4-бөлігінен (аса ірі көлемде пара алу) ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1 және 2-тармақтарының 3-бөлігіне (алаяқтық) қайта ауыстырылды. Нәтижесінде жаза мерзімі 10 жылдан 3 жыл 6 айға дейін қысқартылды. Енді Мамай Бұтабаев алты айдан кейін бостандыққа шығады (тергеу изоляторында болған уақытты қоса алғанда).
Естеріңізге сала кетейік, Мамай Бұтабаев ШҚО бойынша Экология департаментінің басшысы қызметін алты ай атқарды. Бұған дейін Абай облысында жұмыс істеген.
Пікірлер