A+ A A-

talgatzhan 30 29-01-2026, 12:20 0

Италияда өтетін Қысқы Олимпиадада фристайл-могулдан бірыңғай ШҚО спортшылары ел намысын қорғайды

Бүгін / ШҚО / Спорт

Тағы бір байрақты бәсеке әлемнің таңдаулы спортшыларын бір ортаға жинамақ. Сайыс екі қалада өтсе де, әуелі барлығы ашылу салтанатына қатысып, дүйім жұртқа қол бұлғап өтеді. Қазақстандық спортшылар да қазір соңғы әзірліктерін жүргізіп жатыр. Облыс атынан төрт спортшы Италияға жол тартпақ. Ал Президент сенімін арқалаған зайсандық Аяулым Әмренова төртжылдықтың басты бәсекесінде шорт-трекші Денис Никишамен бірге көк байрағымызды көтеріп шығады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Юлия Галышева

Сонымен бас бапкер Елена Круглыхина бастаған фристайлшылар әр құрлықтың сақа спортшыларына қарсы тұруға толықтай дайын деуге болады. Әр жерде тараған ақпараттарға көз жүгіртсек, сарапшылар 2018-ші жылы Пхенчхан Олимпиадасында қола медаль иеленген Юлия Галышеваны әлі де жүлде алуы мүмкін спортшылар қатарынан шығармапты. Ол бұған дейін АҚШ пен Канадада өткен Әлем кубогі кезеңдерінде үздіктер қатарынан көрінді. Сонымен қатар, Галышеваның еншісінде әлем чемпионаттарының 4 медалі бар (бір алтын, екі күміс және бір қола).

Юлия елдегі фристайл-могул спортшылары арасында жаһандық деңгейде толағай табысқа жеткен бірден-бір спортшы. Бірақ жыл өткен сайын жасарып келе жатқан жоқ, қазір 33-те.

2026 жылғы Ақ Олимпиада Галышева үшін есеп бойынша бесінші Олимпиада болмақ. Бұған дейін мұндай көрсеткішке елімізден тек шаңғышы Елена Володина-Антонова мен фристайлист Дмитрий Рейхерд қана қол жеткізген.


Аяулым Әмренова

Зайсан ауданының тумасы осымен үшінші Олимпиадасына барғалы отыр. Редакция тілшісі осыдан 8 жыл бұрын, ол Пхченханда өткен төртжылдықтың басты бәсекесіне барған кезінде сұхбат алған болатын. Ол үшін нақты бір мықты қарсылас бар деуге келмес. Әр елден спортшылар әуелі үздік алтылыққа еніп, финалда өнер көрсетуді көздейді. Әсіресе, Франция, Аустралия елдерінен келетіндер оңай емес. Одан бөлек, Өскеменнен жол тартатын екі жерлесімізді айта кетуге болады. Жуықта ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аяулым мен шорт-трекші Денис Никиша екеуіне Мемлекеттік туды салтанатты түрде табыстады. Жерлесіміздің ірі жетістіктерінің бірі сол, 2025 жылы Туринде өткен Қысқы Универсиадада күміс медаль иеленді.


Павел Колмаков

29 жастағы могул-фристайлшы Павел Колмаков 2026 жылы спорттық мансабындағы төртінші Олимпиада ойындарына қатысады. Оның ересектер арасындағы Әлем чемпионатында жеңіп алған қола медалі – мансабындағы ең ірі жетістіктерінің бірі. Колмаков Қазақстандағы фристайл-могул мектебінің жарқын өкілдерінің бірі. Дмитрий Рейхерд спорттық мансабын аяқтағаннан кейін ерлер құрамасының көшбасшысы болды. 2026 жылғы Олимпиада ойындарында Павел Колмаков, басқа да қазақстандық спортшылар секілді бар мүмкіндігін паш етіп, жүлде үшін таласқа түсуді мақсат етіп отыр.

 

Анастасия Городко

Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, могул-фристайлшы Анастасия Городко юниорлық әлем біріншіліктерінде жалпы саны 7 медаль жеңіп алған (оның 6-еуі – жеке сында). Бұл – Қазақстанның қысқы спорт түрлері өкілдері үшін бірегей жетістік. 20 жасына дейін-ақ Городко жасөспірімдер арасында алған жүлделерін ересектер арасындағы әлем чемпионаттарының екі медалімен толықтырып үлгерді.

Милан–2026 Олимпиадасы Анастасия Городко үшін спорттық мансабындағы екінші Олимпиада болмақ. Ол бұл додаға қомақты жетістіктер қорымен және үлкен тәжірибемен қадам басып отыр.

Әзірге облыс спортшылары 2018 жылдан бері Қысқы Олимпиада ойындарының медалін ала алмай келеді. Төрт жылдық басты бәсекесіне баратын төртеу, одан бөлек, басқа да Ұлттық құрама мүшелері ел абыройын асырады деп сенеміз!

 

Нұрбек АСҚАРОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив