Облыстың шикі сүт өндіру көлемі бойынша республикада алғашқы бестікке кіргені өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Бүгінде аймақта сүтті мал шаруашылығын дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Соңғы жылдары салаға инвестиция тарту, өндірістік қуатты арттыру және заманауи технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде өңірдегі сүт өндірісі көлемі тұрақты өсім көрсетіп келеді.
Қазір облыс аумағында 33 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Өткен жылы Алтай ауданында 1000-нан астам ірі қара малға арналған жаңа, заманауи ферма пайдалануға берілді. Бұл нысан өндірістік процестерді автоматтандыру мен өнім сапасын арттыру тұрғысынан озық технологиялармен жабдықталған.
Бұдан бөлек, жыл қорытындысында өңірде 260,5 мың тонна сүт өндірілген. Сонымен қатар сүтті өңдеу көлемі 28 пайызға артқан. Бұл көрсеткіштер шикізатты терең өңдеу үлесінің өсіп, дайын өнім шығару қарқыны күшейгенін аңғартады.
– Қазір облысымыз шикі сүт өндірісі бойынша республикада алғашқы бестікке кіреді. Өндірістің жартысынан астамы ұйымдасқан шаруашылықтарда өндіріледі. Бұл саланың индустриялық деңгейде дамып келе жатқанын көрсетеді, – деді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Ажар Каджибекова.
Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта да сүт бағытындағы жобалар саны артып, жаңа фермалар ашу және қолданыстағыларын кеңейту жұмыстары жалғасады. Бұл өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі әлеуетін күшейтіп, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға мүмкіндік береді.
Пікірлер