Елде жасы 50-ден асқан, бірақ зейнет жасына жетпеген жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында «Күміс жас» жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жобадағы жұмыс мерзімі 36 айдан аспайды. Осы кезең аяқталған соң қатысушыларға зейнеткерлік жасқа дейін тұрақты жұмыс орны ұсынылады.
- Жалақыны жұмыс беруші белгілеп, төлейді. Ал мемлекет тарапынан жалақының бір бөлігі субсидияланады. Алғашқы 12 айда – 70%, 13–24 ай аралығында – 65%, 25–36 айда – 60%. Алайда субсидия көлемі 30 айлық есептік көрсеткіштен (129 750 теңге) аспайды, - деді ШҚО Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Арайлым Есімбекова.
Айтуынша, әлеуметтік жұмыс орындары және «Күміс жас» жобасы тек жеке меншік кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады.
- Жалпы, 2025 жылы аймақта халықты жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шаралар аясында 5 918 субсидияланатын жұмыс орнын құру жоспарланған. Жыл қорытындысы бойынша бұл орындарға 5 604 адам орналасып, жоспар 93,7%-ға орындалды. Сонымен қатар кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар берілуде. Ол конкурс негізінде әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға 400 АЕК дейінгі мөлшерде ұсынылады. Олардың қатарына атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылғандар, қоныс аударушылар, қандастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған азаматтар кіреді, - деді Арайлым Есімбекова.
Айта кету керек, грантқа өтінім беруші жұмыссыз немесе тіркелгеніне 3 жылдан аспаған жеке кәсіпкер болуы тиіс.
Пікірлер