Бұл бастама өңір үшін маңызды рөл атқарады. Себебі халық санының азаюы мен кадр тапшылығы аймақ дамуына кері әсер етеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған мәселені шешу үшін көші-қон бағдарламасы аясында нақты қолдау шаралары қарастырылған.
Анықталғандай, 2025 жылы облысқа 794 адам қоныс аударды. Оның 269-ы – қандастар, 525-і – оңтүстік өңірден келгендер.
- 2026 жылы 600 адамды көшіру жоспарланып отыр, оның ішінде 200 қандас бар. Олар Қытай Халық Республикасынан, Моңғолиядан және Ресей Федерациясынан келеді. Бағдарламаға қатысушыларға мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде біржолғы төлем беріледі. Сонымен қатар тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу үшін 15–30 АЕК мөлшерінде бір жылға дейін материалдық көмек беріледі, - деді ШҚО Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Арайлым Есімбекова.
Қоныс аударушылар мен қандастарға тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады.
Бұдан бөлек, облыста еңбек ұтқырлығын арттыру және ерікті қоныс аударуды ынталандыру мақсатында «Шығыс шақырады» өңірлік бағдарламасы бекітілген.
- Өңірлік жоспар аясында жұмыс төрт негізгі бағыт бойынша жүргізілуде. Атап айтқанда, бизнес бастамаларды іске асыруға 2,9 млн теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру, ауыл түлектеріне колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алуға арналған білім гранттарын ұсыну, «Отбасы банкі» арқылы жылдық 5 пайызбен 20 млн теңгеге дейін тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие беру, - деді Арайлым Есімбекова.
Пікірлер