Жедел жәрдем станциясының бригадасы науқасқа шұғыл реанимация жасады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өткен демалыс күндері жедел жәрдемге 66 жастағы ер адамнан кеуде тұсының қатты ауырсынуы жайлы қоңырау түсті. Оқиға орнына №9 кардиологиялық бригада жіберілді.
Алғашқы тексеру барысында медицина қызметкерлері жедел миокард инфарктісін анықтап, науқасты стационарға шұғыл жеткізу туралы шешім қабылдады. Алайда ауруханаға бара жатқанда ер адамның жағдайы күрт нашарлап, жүрек соғысы мен тынысы тоқтап, есінен танды. Бригада ойланбастан жедел жәрдем көлігінің ішінде реанимациялық шараларды бастады. Мамандардың кәсіби және уақтылы әрекет еткенінің арқасында науқас есін жиды. Әрі қарай ол ем алу үшін медициналық мекемеге жеткізілді.
Науқастың өмірін сақтап қалуға кардиологиялық бригаданың дәрігері Людмила Крюкова, фельдшер Игорь Верченков және жүргізуші Аскар Оралбаев қатысты.
Бұл жағдайдан кейін облыстық жедел жәрдем станциясының атына науқастың туыстарынан алғыс хат келіп түсті. Онда сын сағатта медицина қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекеттері шешуші рөл атқарғаны жазылған.
- Жедел жәрдем бригадасына шынайы алғысымызды білдіреміз. Жақын адамымыздың жүрегі тоқтағанда медицина қызметкерлері дереу әрекет етіп, реанимация жасап, адам өмірін сақтап қалды, — делінген алғыс хатта.
Бұл оқиға облыстық жедел жәрдем қызметкерлерінің қиын әрі төтенше жағдайларда тиімді әрекет етуге дайындығының жоғары екенін көрсетті.
Пікірлер