A+ A A-

talgatzhan 40 Бүгін, 10:30 0

Алтай ауданында мұғалім екі баланы өрттен құтқарып қалды

Бүгін / Алтай / Сұхбат

18 қаңтарда Алтай ауданына қарасты Соловьево ауылындағы жер үйде өрт шықты. Дәл осы уақытта өз ауласында жүрген Рулан Сейітов көрші үйдің шатырынан шығып жатқан түтінді байқап, бірден көмекке ұмтылған. Уақыт жоғалтпай, жалын шарпыған аумаққа ұмтылған ол кәмелетке толмаған екі бүлдіршінді құтқарып, өрт сөндірушілерді шақырды. Осы ерлігі үшін жақында Рулан Сейітов Төтенше жағдайлар министрі бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды. Әуелі бірнеше сөйлеммен шектелген жаңалықтар жазылған болатын. Осы жолы жерлесімізден оқиғаның қалай болғанын егжей-тегжейлі сұрап, асықпай әңгімелескен едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз…

– Өзім – Ұлан ауданына қарасты Асубұлақ ауылының тумасымын. 3 жасымнан бері Алтай ауданындағы Никольск ауылында өстім. Сол жерде мектепті тәмамдап, жоғары оқу орнына түстім. Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі», Семей қаласындағы жоғары оқу орнында «Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алдым. 2012 жылдан бастап Соловьево ауылындағы орта мектепте еңбек етіп келемін.

 

– Өрт болған күнге тоқталсақ… Оқиға қалай болды?

– 18 қаңтар кешкі сағат 16:00-ге таман мал қамау үшін далаға шыққан едім. Сонда көрші үйдің шатырынан түтін шығып жатқанын байқап, жүгіріп бардым. Бірақ есікті аша алмадым. Себебі төңіректі қою түтін тұмшалап тастаған. Үйді айналып барғанда әйнектің сынғанын көрдім. Балалар терезенің алдында тұр екен. Шыныны шағып, екеуін шығарып алдым. Үлкені 5 жаста, екіншісі 2 жаста.

 

– Бүлдіршіндердің анасы сіздің оқушыңыз болған екен…

– Иә, олар – жас отбасы. Өрт кезінде жұбайы екеуі жұмыста болған. Үйде балалардан бөлек, 80-нен асқан әжелері мен оқушымның апайы бар еді. Ол су алу үшін далаға шығып кеткен. Өрт басталғанда келді.

 

– Әрі қарай оқиға қалай өрбіді?

– Сол күні 40 градус аяз болып, оқушылар мектепке бармады. Екі баланы өзімнің үйіме әкелдім. Оларды 3 сыныпта оқитын ұлыммен қалдырып, қайтадан көрші үйге кеттім. Көршілерге де хабарластым. Олар өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеген, қазір зейнетте. Сол уақытта қарт әжені де өзге көршілер үйден шығарып алды. Артынан екі өрт сөндіру көлігі келіп, іске кірісті. Ал үй иелеріне балаларды шығарып алған соң хабарластым. Жарты сағат өтер-өтпестен олар да келді.

 

– Қызыл жалын қалай тұтаныпты?

– Үйдегі кір жууға арналған машина қосылып тұрған екен. Ақау содан шыққан көрінеді. Ас үй түгелдей жанып кеткен. Үйдің төбесіне де зақым келді. Қазір отбасы басқа жақта тұрып жатыр. Көктемде үйді жөндеуді жоспарлап отыр. Абырой болғанда, әже мен балалар зардап шеккен жоқ. Денсаулықтары жақсы.

 

– Өртке оранған үйге бет алғанда қорқыныш болмады ма?

– Шыны керек, қорқыныш болды. Бірақ кішкентай балаларға қалай көмектеспейсің? Қарап тұра алмадым. Әрине, оқыс жағдай туғанда алдымен өз отбасыңды ойлайсың. Сол жерде өзім де зардап шексем, жанұямның жағдайы қалай болар еді деп ойлайсың. Дегенмен қорықпау керек. Адам болған соң бір-бірімізге қолұшын созу керек деп санаймын.

 

– Кейін бұл жағдай туралы ақпарат қалай тарап кетті?

– Шынымды айтсам, осы жайттан кейін марапатталамын деп мүлде күтпедім. Жұмысқа келсем, әріптестерім болған оқиға туралы айтып жатыр екен. Менен де мән-жайды толығырыақ сұрады. Кенже ұлымның сынып жетекшісі ата-аналар тобына жазуға бола ма деп өтінді. Оған аса қатты мән бермедім де. Кейін мектептің әлеуметтік желідегі парақшасына жариялапты. Ары қарай ақпарат тарап кетті.

 

– ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің төсбелгісін алғанда қандай сезімде болдыңыз?

– Біраз уақыттан соң ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінен қоңырау соқты. Бір-екі аптадан кейін Өскеменге шақырды. Марапаттау салтанатында Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Фархат Әміре ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалін табыс етті. Алтай ауданының әкімдігінен де хабарласты. Аудан әкімі Ренат Құрмамбаевтың қолынан Алғыс хат алдым. Бірақ осындай қолдауға ие болып, төсбелгі аламын деп күтпедім.

 

– Отбасыңыз бен жақындарыңыз бұл оқиғаны қалай қабылдады?

– Әрине, марапатталғаныма қуанды. Мақтан тұтатындарын айтып, ізгі тілектерін білдірді. Өзімнің екі ұлым бар. Үлкені – студент, кенже балам 3 сыныпта оқиды. Ол «Менің әкем – батыр» деп мақтанып жүр екен. Балаларыма да адамдарға үнемі көмектесу керек екенін айтып отырамын. Өз басым, айналаға пайдаңды тигізіп, қолдау көрсетіп, қиын сәтте көмек қолын созуды дұрыс деп санаймын.

 

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

 

Қымбат ОРАЛХАНҚЫЗЫ

Фотосурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив