Өңірдегі Қазгидромет филиалы мәліметінше, 20 ақпанға қараған түні өңірде қар, боран және көктайғақ күтіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ресми ақпаратқа сенсек, облыстың шығысы мен оңтүстігінде қалың қар жауады. Күндіз аймақтың солтүстігі мен шығысында аздаған қар, жаяу бұрқасын және көктайғақ болса, шығыс бөлігінде тұман түседі.
Жел батыс пен солтүстік-батыстан соғады. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және орталығында желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа жетеді, түнде екпіні 23 м/с-қа дейін күшейеді.
– Өскеменде түннің бірінші жартысында қар, боран және көктайғақ болады. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні түнде 15-18 м/с болады. Сондай-ақ түнде ауа температурасы күрт төмендеп, 15-17 градус аязға дейін барады, – делінген ақпаратта.
ШҚО ТЖД тұрғындарға қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шықпауды ұсынады.
– Егер сапарды кейінге қалдыру мүмкін болмаса, жолда жүру кезінде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаңыздар. Жылдамдық режимі мен арақашықтықты ұстаныңыздар. Жолға шығар алдында жол жағдайын нақтылап алыңыздар, — деп ескертті ведомство өкілдері.
Дауылды ескертулер туралы ақпаратты «Darmen» тегін мобильді қосымшасы арқылы алуға болады.
Фото: КазТАГ
Пікірлер