A+ A A-

talgatzhan 70 24-10-2024, 16:43 0

Республика күні қарсаңында бірқатар шығысқазақстандық мемлекеттік наградаға ие болды

Бүгін / ШҚО

Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында “Менің Қазақстаным” атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Салтанатты жиынға облыс әкімі Ермек Көшербаев, өңірдің зиялы қауым өкілдері, еңбек адамдары мен қала тұрғындары қатысты. Шара шымылдығы жас өнерпаздардың орындауындағы мемлекеттік әнұранмен ашылды. Бұдан соң аймақ басшысы жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, айтулы мерекенің маңызына тоқталды. 
- 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл - еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан басты құжат. Соңғы бес жылда Қазақстанда саяси жүйені түбегейлі өзгерту арқылы ауқымды реформалар жүргізілді, - деді Ермек Беделбайұлы. 

Мерекелік концерт барысында білім, ғылым, экономика, денсаулық, бизнес сынды түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар шығысқазақстандық “Құрмет”, ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” ордендерімен, “Ерен еңбегі үшін”, “Шапағат”, “Бірлік” медальдерімен марапатталды. Сондай-ақ облыстың дамуына үлес қосқандар “Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағына ие болды. 
Марапатқа лайық деп танылғандардың бірі -  Гүлмира Мұхамбетова. Ол Самар ауданындағы Жамбыл атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ұлағатты ұстаздың білім саласындағы 39 жылғы жемісті еңбегі бағаланып, “Құрмет” орденіне ие болды. Педагог-зерттеуші санатындағы мұғалім “Шабыт” клубын ашқан. Ал шәкірттері түрлі дәрежедегі конкурстарда жеңімпаз атанып жүр. 
- Бұл медаль - талай жылғы еңбегімнің жемісі мен шәкірттерімнің жеткен жетістігінің нәтижесі деп білемін. Мереке қарсаңында қазақстандықтарға зор денсаулық пен мол табыс тілеймін, - дейді ол. 
Ал Есмұхамбет Ұябаев 15 жылдан бері «ОблШығысЖол» ЖШС-де автогрейдер машинисі болып жұмыс істейді. Бүгінде қалтықсыз қызметі үшін облыс әкімінің қолынан “Ерен еңбегі үшін” медалін алды. Айтуынша, мұндай марапатқа ие боламын деп еш ойламаған. - 2009 жылдан бастап «ОблШығысЖол» ЖШС-де жұмыс істеп келемін. Қыста да, жазда да жол үстіндеміз. Қызмет барысында түрлі жағдайға тап болып жатамыз. Жолда қалған кездер де болды. 4 жылдай уақыт көпірдің салынуына да қатыстық. Еңбегімді елеп жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін, - деді Есмұхамбет Темірбекұлы. 

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының солистері мен шығармашылық ұжымдары түрлі жанрда ән мен биден шашу шашып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе халық әндері жиылған жұрттың жүргеніне жол тапты. Концерт соңында “Отан” әні шырқалып, көрермен ерекше әсерде қалды. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосуреттер: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив