Ұлан ауданында алдағы республикалық референдумды жоғары деңгейде ұйымдастыруға бағытталған жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Басқосуға аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мүшелері, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары қатысып, маңызды саяси науқанға дайындық мәселелерін жан-жақты талқылады.
Кеңесте сайлау учаскелерінің толық әзірлігін қамтамасыз етуге басты назар аударылды. 22 ақпаннан бастап учаскелік комиссиялар өз міндеттерін ресми түрде бастап, белгіленген тәртіпке сәйкес сайлаушылар тізімдерін қабылдап алды.
Ұйымдастыру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, әр учаскенің дайындығы жүйелі түрде саралануда.
Әсіресе материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесі кеңінен қаралды. Дауыс беру өтетін орындардың талапқа сай әзірленуі, қажетті құрал-жабдықтар мен байланыс құралдарының сақадай сай болуы, комиссия мүшелері мен аудан тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдайдың жасалуы басты міндеттердің бірі екені атап өтілді.
Жиын қорытындысында қолданыстағы заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтау, дауыс беру күні барлық рәсімнің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету қажеттігі баса айтылды.
– Референдумға дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда, әрбір қадам заңдылық пен жауапкершілік қағидаттарына негізделіп жүзеге асырылуда, – делінген ақпаратта.
Пікірлер